Дәурен Омаров: Маңғыстаудың электронды энциклопедиясын жасап жатырмыз

Дәурен Омаров: Маңғыстаудың электронды энциклопедиясын жасап жатырмыз

Бүгін назарларыңызға 362kz.kz сайтының негізін қалаушы Дәурен Омаровпен болған сұхбатты ұсынамыз.

Айта кетелік, 362kz сайты осыдан бірнеше ай бұрын маңғыстаулық аудиторияға арналып ашылды.

- Құрметті Дәурен, 362kz.kz сайтын құру туралы идея қалай келді?

– Қазіргі кезде Маңғыстауда қазақтілді бірде-бір тәуелсіз басылымның немесе сайттардың болмауы мені ойландырды. Облыстық газеттер бар, бірақ олардың сайты жоқ. Мемлекеттен қаржыландырылатындықтан, сірә, олардың өзінің арқалайтын жүгі бар, бағыты айтпаса да түсінікті деп ойлаймын. Оның үстіне маңғыстаулық журналистердің еркін ой алаңы болғанын қаладық. Сондықтан осы сайт дүниеге келді. Сайттың 362kz.kz аталғаны да көпшілікті, әсіресе батыс өңірдегі жұртшылықты қызықтырды. Қазақстанның басқа өңірлерінде 01, 02 секілді сандар бренд шығар, ал Маңғыстауда 362 саны халықтың жанына жақын. Әрі бізде ең мықты нөмір – 362, осындай мемлекеттік нөмір таққан көлікті біздің облыста көп кезіктіресіз. Мұны мысал үшін айтып жатқаным. Оның тарихи негізі бар. Маңғыстау мен 362 егіз ұғымдай көрінеді. 362 әулиелі киелі мекеннің аңызы мен ақиқаты, қайталанбас табиғи орындары, кешегісі мен бүгіні кімді де болса, қызықтыратыны сөзсіз. Мұны, яғни Маңғыстаудың қоғамдық-мәдени келбетін, одан қалды маң даланың болмысын, иісін әрине қазіргі жергілікті орыс тілді басылымдар өз дәрежесінде бере алмасы анық. Сол себепті қазақша сайт аштық. Әрине орыс тілді аудиторияны да ескеріп, сайттағы ақпараттың 30 пайыз үлесін соған бердік.

– Сайттың негізгі мақсаты не?

– Айтып қояйын, біз қандай да бір саяси мүдденің сойылын соқпаймыз. Біздің мақсат – жедел әрі дұрыс ақпарат жеткізу. Интернетте, әлеуметтік желілерде отыратындардың дені жастар, журналистер. Сол себепті, маңғыстаулық журналистердің, жастардың бас қосатын алаңын жасауды көздедік. Бұл бөліну емес, керісінше, ойдағы-қырдағы өңірдің талантты жастарының басын біріктіру, тәжірибе алмасу, ойларын ортаға салу. 362kz.kz ақпараттық порталы – журналистер мен оқырмандардың диалогы, идея бір, мақсат ортақ, мүдде – бірлік! 362kz.kz ақпараттық порталы, бұл – тек ақпарат қана емес, танымдық, тарихи мақалалардың қамбасы деуге болады.

gh

– Бұл коммерциялық жоба ма?

– Коммерциялық жоба емес. Сайтты іске қосу үшін өлкедегі мәрт жігіттердің, кәсіпкерлердің көмегіне жүгіндік. Олар бастамамызды қолдады. Жалпы болашақта коммерциялық жобаға айналады деп ойлаймын. Меніңше, кез келген сайт табыстың көзіне айналуы керек, әйтпесе, қаржысыз сайтты, ондағы журналистерді ұстап тұру қиын.

– Солай болса, кеткен шығындар қанша уақытта ақталады деп жоспалаудасыздар?

– Шыны керек, бұған шығын кеткен жоқ. Жарылғасов Қабыл деген программист жанашыр досым бар. Оның сайт құру, жасауда аса тәжірибесі де жоқ. Бірақ ол қаржыдан қиналып отырғанымды түсініп, біраз уақыт ізденді. Нәтижесі жаман емес. Сайтты өзіміз құрып, жасадық. 

– Сайтта қандай ерекшеліктер бар? Жаппай эксклюзивті материалдар жариялана ма?

– Әрине, ең эксклюзивті тақырыптарды алып шығамыз деген үмітіміз бар. Сонымен қатар, бір ауыз айта кетейін. Бұл сайт Маңғыстаудың айнасына айналады деген пафосты сөзді қолданғым келеді. Маңғыстау туралы қазақша ақпаратты қолжетімді етеміз дегенімнің өзі ерекшелік деп есептеймін. Әйтпесе, түрлі басылымдар өңірдегі мәселелерді шама жеткенше жазып жатыр. Бірақ, өз ішінен қайнап шыққан журналистердің Маңғыстау, ауыл туралы мақалалары бөлек болады деп есептеймін. Мысалы, Маңғыстауда той-садақа деген тақырып бар. Оны сырттан келген журналист түсінбейді. Егер біле білсеңіз, саяси электорат та, мемлекеттік бағдарламалардың талқылануы да, кімнің ауысып, кімнің кететіні де, кім келетіні де соның ішінде. Нағыз ақпарат көзі. Бізде кез келген қоғам қайраткері болсын, үлкен мінберден емес, той-садақа да өзіне ұпай жинай алады. Себебі, Маңғыстауда ең маңызды мәселе – халықтың көңілінен шыға білу. Шыға алмадың ба, бет-жүзің демейді үлкен бір жерде сөйлеп тұрғаныңда, бір Маңғыстаудың қара шалы келеді де, бір сөзбен атыңнан аударып тастап кете барады. Ал, түрегіліп көр сосын...  

Ал біз осы жерді бес саусақтай жақсы танимыз, осы өлкенің ақпарат кеңістігінің ыстығын да, суығын көріп келеміз. Сондықтан біз өлкедегі мәселелер туралы обьективті сараптама жасайтын боламыз. Әрі сайтта «Не хабар?» деген айдар ашып қойдық. Өзіңіз білесіз, маңғыстаулықтар амандаса сала «Не хабар?» деп сұрайды. Сонымен қатар Маңғыстаудың ғаламат табиғатынан фото-репортаж ұсынамыз.

gh

– Алда қандай жоспарларыңыз бар?

– Жоспар көп. Оған уақыт керек. Тек ақпарат таратуды місе тұтпай, үлкен іс-шаралар ұйымдастырсақ деп отырмыз. Бұйырса, жақын күндері Маңғыстаудағы ат спорты мектебімен бірігіп, біздің сайттың қолдауымен, ұйымдастыруымен әлемде теңдесі жоқ асыл тұқым адай жылқыларын Ақтау орталығына алдырып, жастарға, балаларға таныстыруды жоспарлап отырмыз. Ондағы мақсат – жастарды ұлттық спортқа баулу. Сонымен қатар, 362kz.kz сайты ақпарат орталығы ғана емес, болашақта Маңғыстау энциклопедиясына айналуы тиіс.

Сұхбаттасқан: Еркебұлан Қайрахан

сурет: ©Еркебұлан Қайрахан

Massaget