- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Дәстүр сөйлейді. «Тобық...
Дәстүр сөйлейді. «Тобық тығу»
Қай халықты алсақ та, оның өзіне тән тұрмыс-тіршілігі, күнкөрісі, әдет ғұрпы, салт-дәстүрі болады. Салт-дәстүр сол халықпен бірге жасасып, оның тарихында өшпес із қалдырады. Бірақ, ұмыт болып бара жатқан ұлттық салт-дәстүрлеріміз де жоқ емес. Ендеше, салтымыз санамызда мәңгілік жаңғырып тұруы үшін дәстүр сөйлейді.
«Тобық тығу» «Қазақ дәстүрінде қыз бен жігіттің тобық алысуы құр ғана ойын емес, мұнда екі жастың өздері ғана түсінетін бір терең сыр бар» (І. Есенберлин). Бұл – серттесіп ойнаудың бір түрі. Мысалы, жігіт пен қыз тобық тығып алатын сағатқа немесе қалы кілем беруге серттеседі. Бір жылдан кейін бе, бес жылдан кейін бе тобықты тығуға алған жігіт кез келген уақытта, кез келген жерде «тобығымды бер» дегенде қолына ұстата беруі қажет. Егер жігіт тобықты тауып бере алмай қалса – ұтылғаны. Ол уәде бойынша серттескен затын беруі керек. Тобықты тығуға жігіттер де қатыса алады. Бұрын мұндай ойындар ел арасында көп болған. Бұл ойын ұқыптылыққа, бір сөзділікке тәрбиелейді. Мұның арты қыз бен жігіттің сүйіспеншілігіне, қосылуына жалғасады. Тобық тығуда қызықты оқиғалар да кездеседі. Солтүстік Қазақстан облысында бір жігіт сүйген қызына тобық ұсынған. Бірақ жігіт көп ұзамай Ұлы Отан соғысына аттанады. Үйіне «хабар-ошарсыз кетті» деген хат келеді. Ал жігіт жау қолына түсіп тұтқында болады. Соғыстан кейін «тұтқында болды» деп еліне жіберілмей тағы айдалады. 12 жылдан соң еліне оралып, жігіт қыздан сертін сұрағанда, салиқалы қыз тобықты ұстата беріпті. Содан екі жас қосылып тату-тәтті өмір сүріп кеткен екен.
«Тобық жұту» (дәстүр, ырым). Халықта қоян тобығын жұту ырым ежелден бар дәстүр. Оның шарты тобықты жұтушыжас адам жұтар алдында:
Батыр болсам жүрегімнен шық,
Палуан болсам білегімнен шық,
Шешен болсам таңдайымнан шық,
Бақытты болсам маңдайымнан шық, -деп серттесіп барып жұтады. Халық ұғымында тобық қасиетіне қарай әлгі адамның айтқан жерінен шығады деген түсінік болған
Ғ. Аманованың «Халықтық педагогика-даналық мектебі» кітабынан алынған.
Сурет: artlib.ru
Е. Жұмабайұлы