Қай халықты алсақ та, оның өзіне тән тұрмыс-тіршілігі, күнкөрісі, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі болады. Салт-дәстүр сол халықпен бірге жасасып, оның тарихында өшпес із қалдырады. Бірақ, ұмыт болып бара жатқан ұлттық салт-дәстүрлеріміз де жоқ емес. Ендеше, салтымыз санамызда мәңгілік жаңғырып тұруы үшін дәстүр сөйлейді.
Шаңырақ көтеру (салт). Жас отаудың алғаш рет шаңырағын көтерудің өзі қазақ үшін бір қызықты, ерекше сәт. Мұны қазақ салт-дәстүрін жетік білетін белгілі этнограф жазушы Ахмет Жүнісұлы былай деп жазған: «... қазақта отаудың шаңырағын албаты адам көтермейді. Бұған баласы көп, кәрі күйеу керек. Оны қос атпен болса да алғызады. Ыңғайлы жер болып, отау өте үлкен болса, кәрі күйеу шаңырақты аттың үстінде тұрып көтереді. Бұл еңбегіне ол не ат мінеді, не түйе жетектейді. Бұған малды отауды көтерткен жақ береді».( А. Жүнісов «Фәниден бақиға дейін»).
Әдетте киіз үйдің шаңырағын ер адамдар көтереді. Ал, жас отаудың шаңырағын кәрі күйеуге көтертуде үлкен мән, ырым бар. Өйткені «жасы үлкен күйеу» қашан да елге сыйлы және тілектес адам. Және күйеу қартайған сайын жұртына қадыры, сыйы арта түседі. Қазақ елі осы жолдан әлі айырылған жоқ. Кәрі күйеу келсе, ауылдың үлкен-кішісі, еркек-әйелі онымен бір қағыспай, қажыспай қалмайды. Оның шаңырақ көтеруінде де осындай терең сыйластық бар.
Шаңырақ түйе (дәстүр). Ұзатылып келе жатқан қыздың және оның жанындағы әйелдердің (шешесі, жеңгесі, сіңлісі т.б.) мініп келе жатқан көлігі «шаңырақ түйе» деп аталады. Және ол келін үшін ыстық, қасиетті мал болып саналады. Бұған жолшыбай кездескен немесе бөтен адам мінбейді. Егер міне қалса, оны көрген жұрт «пәленше келіннің шаңырақ түйесіне» мініп келді деп келемеждеген.
Ертедегі салт бойынша, көште үлкен шаңырақ жеке түйеге артылып, алдымен жүреді екен. Оған адам мінбейді, атпен жетелейді, «шаңырақ түйе» деген сөз осыдан шыққан екен.
Ғ. Аманованың «Халықтық педагогика-даналық мектебі» кітабынан алынған.
Сурет: orum-eurasica.ru