- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Біздегі бағдарламалардың атауы......
Біздегі бағдарламалардың атауы...
Қазақ сөзге бай, шешен халық. Біз бұл сөзді қазір ел ағасы жасына жеткендерден көп естиміз. Құнарлы сөздер бар, тіпті көп, әрине. Біздің сол сөздерді қолданыстан шектейтін әдетіміз бе әлде қасиетіміз бе (қалай айтса да орынды), бар-ау осы. Сонымен, сын сызат түсірмесін деген ниетпен біраз қазақша атауларды сараптап көрелік.
«Базар жоқ!». Мұны көшеде көп естиміз. Күнделікті қолданыстағы ауызекі орыс тілінің «базара нет», «без базара» сөзін теліп, көлегейлеп алдық. Астана «Базар жоқ» көңілді тапқырлар театрының атауын жетекшісі Тұрсынбек Қабатов ауыстыруға бел буған екен. Мейлі. Әрмен қарай...
«Наша KZаша». «Наша Russia!» атты телеөндірістегі ең сәтті жоба саналатын ресейліктердің әніне салдық-ау. Орыс тілінде бұл сөз өте-мөте дұрыс екеніне назар салайық. Бұдан кейін «қазақ» сөзін өзге ұлт өкілдері қалай айтатынына мән беріп қарайық. «Қазақ» сөзіне «-ша» жалғауын жалғай салу біздің ең дұрысы деп тапқан ойымыз екен. Қош...
«Ду қол шоколад!». «Ду қол шапалақ!» сөзінің өзі құнсызданып бара жатқанын күлкілі емес әзіліне даурығатынынан, не сол жанкүйерлердің көмегінсіз арқасы қозбайтын той асабаларының ең көп айтатын сөзі екенін білген соң-ақ аңғарамыз. «Шапалақ» емес-ау, «шоколады» несі дейсің. Әзіл мен шоколадтың нендей байланысы бар екенін білесіз бе? Білсеңіз, мына адрестегі поштаға жазып жіберіңізші: arda...@mail.ru. Әрмен қарай...
«Жарайсың!». Рақмет деп алайық. Әйтеуір жарайды екенбіз. Қате ұғынбасаңыздар екен. Бірақ Ел-арна арнасының бұл бағдарламасы мазмұн жағынан түк те қатыссыз екенін білеміз ғой. Әйтеуір «Жарайсың!». Бопты...
«Анда-санда». КТК арнасынан «Анда-санда» атты КТК (КВН) осы аттас командасының өнерін көрсетеді екен. Олардың әзілі қандай? «Бір қызды таңдасаң да, Сен де қызға барып тұр анда-санда, Алдарыңызда «Анда-санда». "Неліктен бағдарлама атын осылай қойдыңыз?" деген сұраққа жауап жоғарыдағы сөз болып отырған сыңайлы.
Міне, қызықты атауларды жинадық. Тағы қанша салмақсыз сөзге құралған атаулардың барын білу үшін санауымыз керек. Не дейміз, «Наша KZашаның» «Базар жоқ!» өнерпаздарына «Анда-санда» осылай «Жарайсың!» деп тұрайық. Әйтпесе біздің де, яғни салмақты ойды іздейтін жастардың да барын ұмытпасын олар...
Ардақ Құлтай
А. Құлтай