Жер бетіне жұққан, жабысқан, қарға, балшыққа, топыраққа, құмға батып түскен белгі - аяқ-қолдың таңбасы, ізі.
Аңның жынысын, жасын, салмағын іздің мөрі, желісіне, аяқ алысына қарай аңның жаралы ма, сау ма, қалай қарай, не үшін кетіп бара жатқанын, әлде бір жемтік аулап жүр ме немесе жем аулап қайтып келе ме және т.б. қарекетін ажыратуға болады. Іздің ескі немесе жаңасын анықтағанда ауа райын: жауын-шашын мен қалың түскен шықты әуелі ескереді. Егер көлеңкелеу жердегі із болса қатарынан осындай із таңбасын түсіріп, салыстырып қарайды. Ізді кескенде үстін басып алмай, ізді жанамалап жүреді. Қара сүрлеуде із кесу, аңшы үшін ең қиын кезең. Ұзақ уақытқа дейін сақталатын және тез өшетін іздер де болады. Дымқыл топырақтағы, су жағасындағы қайраңдағы іздер ұзақ сақталады. Сусыған құмға түскен іздер жел соққанша ғана жатуы мүмкін. Қара жерге қатты топыраққа түскен таңба ұзақ сақталады, оны өлшеу, байқау оңай. Қиыршық құм аралас жерлерде ешқандай белгі таңбалар жоқ, шұқанақ тектес іздерді күн шығып немесе батып бара жатқан кезде оңай байқауға болады. Боз қырауға түскен із ап-айқын түседі, қара күзде, жер қыртысы қатқан кез де аңның ізінен жерге терең таңба түспейді, тіпті ат тұяғының өзінен де қатқан тоңда болар-болмас қана сызат қалады.
Жұмсақ қармен жүргенде аң түяғымен немесе табанымен қарды ысырып, іздің бетінен түбіне дейін сызат қалдырып отырады. Оны ысырма жол деп атайды. Ал енді бір басқа аяқты қайта көтергенде, ол қар үстімен сүйретіліп, тағы сызық қалдырса ол сүйретпе жол деп аталады. Аң дұрыс жүріп отырғанда ысырма жол әр уақытта тереңдеу, тікелеу келеді де, сүйретпе жол жайылыңқы, тайыздау келеді. Қар өте қалың болса, олар біріне-бірі қосылып, із шұңқырының арасы қосылып кетеді және оны "қар кешу" деп атайды. Үгілме қар тым қалың болса, онда із бен ысырма, сүйретпе жолдар қосылып, тұп-тұтас шұбырынды сүрлеуге айналады. Егер қар қалыңырақ (20-35 см) болса, оған түскен із сопақша шұңқыр түрде болады. Із мөрінде тұяқтың ұшы аңның жүрген жағына қарай бағытталып жатады. Ал табан шұңқырлары мен ойықтарының ашаланған жағы аңның беталыс бағытына қарама-қарсы болады. Іздің бағытын сүйретпе із жолына қарап анықтау оңай: сүйретпе жол ысырма жолға қарағанда тікелеу әрі таяздау келеді. Аң аяғын көтергенде, тұяққа немесе табан астына жентектеліп басылған қар түйіршіктерін бірге ала шығады. Ол түйіршіктер екпінмен ылғи алға қарай түсіп отырады. Соған қарап та аңның қалай қарай жүріп отырғанын анықтауға болады. Сусыма, қиыршық қардағы жаңа ізді ескі ізден ажыратып алу да оңай емес. Мұнда қар құм сияқты сусып, тез ойылады да, ізден ешбір бедер қалдырмай, оның орны ойылып-ойылып қалады. Кейбір әккі тазылар ескі із бен жаңа ізді, аңның алға не кейін жүргенін айыра береді. Жаңа ізге түссе жаны қалмай, аласұра жүгіреді де, басын ізден алмайды. Аңшылар іздің бір бүйірінен көлденең кесіп, аңның ізіне түсіп қуып келген із шиырға, сүрдекке, жолға шықса аңшы ізді тастай салып, аңның қашқан бағытына өтеді де, шиырдың, сүрдектің сыртынан орағытады. Ал шиырдан суырылып шыққан соны жердегі өзі қуған ізді көлденең кесіп, тауып алуды "із кесу" деп атайды. Кейде із алыстан орап кеткені байқалса, аңшы аңның баратын жерін, өтетін жерін мөлшерлейді де, қуған ізді тастай салып, сол өзі мөлшерлеген жерінен барып ізді тағы кездестіреді.
Ені тар, әрі кішкене ғана түлкі ізі бірінен соң бірі қондырылған ноқат тәрізді, адымының ұзындығы 23-28 см-дей, алдыңғы аяғының таңбасы 4x5, артқы аяғының таңбасы 3x3,5 см шамасында болады. Шеңберлене алдына қарай созылыңқы түлкі ізі таңбасында тырнағы бар төрт бақай және өкше ізі ажыратылады. Түлкінің қарға түскен ізіндегі қимыл-әрекетінен, аяқ басып, адым алуынан, секіріп қарғу қимылынан оның өзі күшіктүлкі ме, ересек түлкі ме, кәрі түлкі ме, жас түлкі ме, қаншық па, арлан ба дегенді де айырады. Ондайда іздің үлкен-кішілігі, үшкілі-доғалы, тік не сыпырып басқандығы, дөңгелек не сопақтау түсуі және жортуының ұзақ-қысқалығы, осының бәрі сол түлкі жөніндегі нақты деректер ретінде қабылданады. Отырған орнынан сол түлкінің аңынан қағылған, қағылмағанын байқайды. Жем тауып жеп әбден дәніккен түлкі ешқайда бұрылмай тура тартады. Су жағасына шығып, сілкініп, таранып, тазаланатын құстарды аулайтын әдет болса, олардан қалған белгі - құстың қауырсыны, жүн, қан-жын тамған дақтар байқалады. Қуғыншы келе жатқанын сезген түлкі қашқан бетінде бірер түлкінің ізі кезігіп қалса болғаны, өз жолын кесіп өткен сол ізге өз ізін соғады да, сол ізге аяғын аудармай басып, өзі аңшының жүріп өткен жолынан кері қарай қашады. Аңшы оны байқап өзі қуған түлкінің ізін тауып, қайта қуғанша, түлкі ұзап кетеді. Түлкінің із жолының ені өте кішкентайлығы сондай, түлкі ізі бірінен кейін бірі мұқият қондырылған, қосарланған екі ноқат тізбегі сияқты әсер қалдырады. Адымының ұзындығы 23-28 см, жеке із таңбасының мөлшері: алдыңғы аяғынікі- 4x5 см, артқы аяғынікі 3x3,5 см келеді.Түлкінің ізіне ұқсайтын шибөрінің іздері Сырдария өзенінің жағалауларында кездескен дейді із кесуші маман А.Лесняк. Шиебөрі ізінің қасқыр ізінен айырмашылығы оның із таңбасы екі-үш есе кіші, әрі ортаңғы бақайының томпақ табаны бүйір бақайынікінен сәл үлкендеу болады.
Түлкінің із тастауындағы бір қулығы - қашып бара жатқан бағытынан кері айналып, өзі басып өткен ізді дәлме-дәл басып келген бойдағы ізін артқа қарай жағалап, ізін суытып кетеді. Ал аңшының алдында енді екі із пайда болады. Бірі - қашып бара жатқан із, оны өзі қуып келеді, екіншісі - аңшыға қарсы жолыққан із. Аңшылар әдетте өзі қуған ізден адаспауы шарт. Сол тәртіп бойынша аңшы өз ізін қуа береді. Сол қуған күйі түлкінің қайта қайтқан жеріне барғанда бір-ақ байқайды. Түлкі иек артпадан жүздеген қадам жерден көрінсе, бабына келген тазы оны 3-4 жүз қадам жерге дейін қуып жетіп ұстайды. Әккі тазылар білдірмей, түлкіге мейлінше жақындап келуге тырысады. Қасқырдың із таңбасы жинақы, бақайының табақ еті қатты, тырнағы қайратты, әрі жуантық келетіндіктен олардың ізі айқын, ілгері қарай сәл сүйірлеу болады. Бүйір бақайларының таңбасы алдыңғы бақайларының өкше тұсына жақын жатады. Алдыңғы аяғының өкшесі ішіне қарай қисайыңқы бітеді, ал артқы аяқтың өкшелері сыртына қарай сәл қисайған болады. Қасқыр көп бұлтақтамай бір аяғының ізін екінші аяғымен басып, түзу жүріп отырады. Мұны қасқырдың шуама ізі атайды. Ал жараланған қасқырдың тұяқтарының ұшы қар бетіне сызылып, сүйретіліп түсетіндіктен, оны сүйретпе із атайды. Ал алдыңғы аяғы жараланған қасқырды екі сау қасқыр аузына ағаш тістеп, ортасына жаралысын асып, "зембілдей" отырып алып кетуге әрекеттенетіндіктен ол ізі мен мұндалап "ақсақ із" салады. Қасқырдың ізі ұзын, түзу желімен түседі: артқы аяғын алдыңғы аяғының ізінің үстіне дәл басып отырады.
Ал иттің ізі қасқырға ұқсас болғанымен, өзгешелігі бар: иттің ізі айқын емес, көмескілеу болып түседі, пошымы қасқырдыкіндей сүйірлеу емес, жалпақтау, бүйір бақайларының таңбасы алдыңғы бақайларының өкше тұсынан жоғары асып, алдыңғы аяқ өкшесінің сыртқы жағы сәл ішке қарай иіліңкі, артқы аяқтың өкшесі сыртқа қарай бейімдеу тұрады. Сондай-ақ жолда тіміскілеп жүретіндектен "ирек" болады. Ал қасқырлар жан жағына бұрылмай тура (тік) жүретіндіктен ізі (траекториясы) "түзу" болады. Қасқыр ізі таңбасының ұзындығы 9-13 см болса, иттің ізінің мөрінің ұзындығы 5-10 см ден аспайды. Қасқыр иттен (иттің бақай табанының таңбасы көмескілеу) гөрі ауыр келетіндіктен ізі тереңдеу, бақайларының мөрі айқынырақ түседі. Тырнағы келе жатқан бағытына қарай, тіке, түзу болып түседі. Қасқыр арланының ізі дөңгелектеу, ал қаншығынікі сәл сопақшалау келеді. Қасқырдың да, иттің де ал-дыңғы аяғының таңбасы артқы аяғыныкінен ірілеу болады. Өте айлакер қасқыр іздерін бірге жүрген кезде жасырып, санын, тобын білдірмеуге әрекеттенетіндігі табиғи құбылыс. Қасқырбірінің ізін бірі басып, бір ғана ізбен жүріп "жалғыз қасқыр" жүргендей әсер қалдырады. Иттің ізі қосарлана бір аяғының ізін екінші аяғы дәл баспай, артқы аяқ не алдыңғы аяқтың ізін жартылай басады, не соның қасына түседі. Топты қаншық қасқыр бастап, ең соңынан арланы жүреді. Ит жүгірген кезде ізі қасқырдыкіндей емес, сәл иректеу жүреді. Бірақ қасқыр жол бойы кездескен өзен-су өткелі, тоғай, тау, ор, шұңқыр тәрізді кедергілерден өткенде бөлініп жүруге тура келеді. Әккі қырағы аңшылар мұндайда қасқырдың ұяластары немесе тобы қанша екендігін шамамен долбарлап біліп қояды. Қасқырдың ең бір ерекшелігі апанының маңындағы ауылдың қорасы мен малына әсте тиіспейді. Ал бөлтірігін алса, апанын бұзса ашынып, тура шабуылдайды. Жазда күн ысып, бөлтіріктер қатайып оларға су тасып үлгере алмайтындай халге түскенде өзен-су жағасына жақындатып, шөптесін жерге әкеліп, бөлтірігін тығады. Ондайда бірнеше бөлтірігін желкесінен тістеп бірнеше рет тасымайды, керісінше, өзіжеген малдың қарынын алып, соған бөлтіріктерін салып бір-ақ рет көтеріп алып кетеді. Ал ініне жортуылдан келген соң тура келмей кемінде үш мәрте айналып жүріп, айналада қауіп жоқ екендігіне көзі жеткен соң ғана кіреді. Бөрі мен бөлтіріктің ізін үлкен-кішілігіне қарай ажырататын аңшылар ол жерлерге тазыны әкеліп салып бөлтірікті тірідей алдырады. Бөлтіріктің терісі біркелкі қарақоңыр, жүні майда түбітті келеді және қазақтар оны малақай жасауға жақсы дейді.
Қолға ұстаған бөлтірікті тазы күшікке үйірсек етіп жұп құрса, ізге жақсы түседі. Бөлтіріктің із кесудегі ерекшелігі ауадан иісті қармап, із таңбасына тұмсығын тығып жүреді. Тазының ізшілдігі сонша, іздің ішінен қоянның ізін ажыратып, қуып кететіні және оның қалың шеңгелдің ішінен де, су қатқанда да мұздың үстімен жүгіріп, қамыс, қоғаны өзі "сүзіп" шығатыны да кездеседі. Қоянның табан ізінде төрт саусағының тұяғы бірдей байқалады, ортадағы екі тұяқ алға қарай озыңқы, ал сыртқы тұяғы ішкі тұяғынан сәл артқа қарай қалыс болады. Артқы аяқтан алдыңғы аяқ ізі үлкен, әрі анық болып түседі. Қар бетіндегі қоян ізінде алдыңғы екі аяқ ізі бір сызықта "қатарласып", ал артқы екі аяқ ізі үзынынан бір-бірінің артында "тізіліп" түседі. Кәрілеу қоянның ізі жайыла түссе, жастауынікі тұяғы өткір, саусақ сүйектері тік келетіндіктен тік, анық, жіңішке болып түседі. Қоян жүгірген кезде әрдайым із тастап, бір жерде бірнеше рет қайталай айналып, бір ізбен екі реттен жүріп, екі қабаттап, әлден уақытта жалт беріп, қарғып кетіп, із желісін үзіп, адастырып жүреді. Жүгірген кезде қоян аяғын алдыңғы аяғының алдына тастап, төрт тармақты із жасап жүгіреді, бұл төрт таңбаның алдыңғысы артқы аяғының ізі де, артқысы алдыңғы аяғының ізі болады. "Төрт тармақтың" арасы 40-60 см болады да, ал әлденеден үркіп қашқан қоян 2-2,5 метрге дейін қарғиды. Қоянның жеке аяғының қарға түскен таңбасында бақайының тырнағы анық көрінбейді, өйткені қоян тырнағы қалың жүннің арасында тұрады да, таңбасы түспейді. Қоян із таңбасындағы шұңқыр ұзындығы 7-8 см, ені 3-3,5 см келеді. Қарақұйрық ізінің таңбасы "картадағы жүректің" суреті тәріздес, сопақтау, үшкір келеді, батыңқы түспейді. Қатқыл жерлерде көмескі болады, өйткені тұяқтың таңбасы түгел түспей, тек үшкір қырынан сызат қана қалады. Тұяқ таңбасының көлемі Зх3,5-4,5 см. Алдыңғы тұяқ артқы тұяғынан сәл үлкендеу келеді. Қарақұйрық шапқан кезде төрт аяғын тең басып, "төрттік" белгі қалдырады. Сонда артқы аяғының ізі алдыңғысынан ілгері түсіп отырады. Секірген кезде төрттік таңбасы ылғи бірқалыпты болмайды, көбінесе сүйірлеу сопақша келген трапецияға ұқсайды.
Б. Хинаят, Қ.М. Исабековтің " Саятшылық - қазақтың дәстүрлі аңшылығы" атты кітабынан алынған.
Сурет: ohotnadzorkirov.ru, upload.wikimedia.org