- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Бүгін ядролық қарудан...
Бүгін ядролық қарудан бас тарту күні
Фото:
inform.kz
2009 жылғы 30 қазанда БҰҰ Бас Ассамблеясының Бірінші комитетіне Қазақстан 29 тамызды Бүкіләлемдік ядролық қарудан бас тарту күні деп жариялауды ұсынды. Қазақстанның бастамасымен, БҰҰ Бас Ассамблеясының қолдауымен бұл күн БҰҰ-ның күнтізбесіне енгізілген еді.
Бұл Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 1991 жылғы 29 тамыздағы әлемдегі ең ірі Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлығымен тікелей байланысты.
Аталған күннің басты мәні – Қазақстанның ядролық қаруды таратпау және қарусыздандыру мәселелері жөніндегі ұстанымына, сонымен қатар, жекелеген елдермен ядролық сынақтарға жан-жақты түгел қамтитын тыйым салу туралы Шарттың күшіне енуі үшін тез арада оны ратификациялауға деген үндеуді күшейту.
Осыдан тура 68 жыл бұрын, 1949 жылы 29 тамызда Семей ядролық полигонында алғашқы сынақ жүргізілді. Бұл КСРО-дағы тұңғыш атом бомбасының сынақтан өткізілуі болатын. 1949 жылы қуаттылығы 20 килотоннаға жететін Семей полигонының тарихындағы ең бірінші ядролық жарылыс жасалды. Алғашқы атом жарылысынан тек Семей облысының 200 мыңнан астам тұрғыны 100-ден 200-ге дейінгі рентген шамасында радиация алды. Аса күшті зарядты жарылыстар кезінде радиация мөлшері 300 рентгенге дейін жетті. Соның салдарынан 1949-1963 жылдар аралығында 2 миллионнан астам адам айықпас дертке ұшырады, көбісі бақилық болды.
2012 жылы 29 тамызда «Ядролық сынақтарға тыйым салудан – ядролық қарусыз әлемге» халықаралық конференциясында ел Президенті Н.Ә.Назарбаев: «Ядросыз әлем бұл – ядролық энергияны әскери мақсатта пайдалануға толық тыйым салу деген сөз. Менің Жалпыға ортақ Ядросыз әлем декларациясын талдап, қабылдау жөніндегі ұсынысымның мәні де осында. Мен осы идеяның тұрақты жақтаушысы болдым және солай болып қала беремін. Ядролық қару – адамзат үшін өз-өзіне ажал шақыру. Ядросыз әлем – ол адамзат ұмтылуға тиіс біздің ортақ мақсатымыз. Дәл осы мақсат үшін Қазақстан бүгінде халықаралық «АТОМ» жобасын іске қосты. Жобаның атауы ағылшын тіліндегі – «Abolish Testing. Our Mission» – төрт сөздің бірінші әріптерінен тұрады, «Сынақтарды Жою. Біздің Миссиямыз» дегенді білдіреді» дей келе, барша ізгі ниетті адамдарды «АТОМ» жобасын қолдауға және ядролық қарусыз әлем құруға шақырған еді.
Бүгінгі Қазақстан – ядролық қаруға қарсы күрестің әлем мойындаған көшбасшысы. Еліміз ірі ядролық державаның кейінгі ұрпақтың бейбіт болашағы үшін жаппай қырып жою қаруын жинақтаудан бас тартудың айшықты үлгісін көрсеткен мемлекет.
Ж. Жұмағұлов