Бүгін түнде Қазақстан тарихындағы тәулік бойы жұмыс істейтін алғашқы телеканал жұмысын бастайды. 24.KZ деп аталатын арна 1 қыркүйекке қараған түні сағат 00.00-де іске кіріседі.
Арна көрермендерге тәулігіне 48 жаңалық шығарылымы мен 40 ақпараттық тематикадағы бағдарлама ұсынатын болады. Жаңа телеканал толқыны Otau TV ұлттық спутниктік жүйесі мен кабельдік желілерде таралады.
"Жаңа ұжымнан алдымен объективтілік, жылдамдық, эксклюзивтік материалдар күтіп, талап етеміз", - деді Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай осы орайда өткізілген баспасөз мәслихатында.
24.KZ телеарнасының монтаждау студиясы
Министрдің айтуынша, канал CNN, BBC, "Евроньюс" секілді алыптармен бәсекелесе алатындай дәрежеде жұмыс істейтін болады.
"Арна жаңа. Менің ойымша, телекөрермендер жоғары деңгейдегі бағдарламаларға куә болады. Толқын алғаш болып пост кеңестік аймақ пен Орталық Азияда қосылады. Канал әлемдік стандарттардың барлығына жауап береді", - деді Мыңбаев.
Ол сонымен қатар, 24.KZ-тің отанымыздағы кең форматта, HD сапасында хабар тарататын алғашқы телеканал екендігін айтты. Айта кетелік, арна "Хабар" Агенттігі" АҚ құрамына кіреді. Бұл ұжым қызметкерлеріне ақпарат жинау кезінде "Хабардың" елдің барлық қалаларындағы тілшілерді тартуына өте ыңғайлы болмақ. Канал басшылығы "әрбір жарты сағат сайын жаңалық" принципі бойынша жұмыс жасайтындығын айтып отыр.
Жаңа телеканалға бюджеттен қанша қаржы бөлініп отыратындығы туралы министр айтқан жоқ. "Қаржы жеткілікті. Барлық керек-жарақтар бар. Алдағы жылдарда да бюджеттен периодты түрде қаржы бөлініп отырады", - деді министр.
Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан
сурет: azh.kz, tengrinews.kz