Біржан салдың ұрпақтары кімдер? (жалғасы)

(Басы)

– Солайы солай-ау. Бірақ, тақуа, діндар Қосдəулет бас жарар дау-дамайға бармаса керек. Ол өз заманының ақылды адамы болған деседі көнекөздер, – дейді Мұхаң. Əңгіме иесінің айтуына қарағанда, Теміртас пен Гүлжəмиладан Шаймерден, Шəріп, Мұхаметжан, Мұханбетқали деген ұл балалар мен Жамал есімді қыз өмірге келген. Олардың алғашқы екеуі Ұлы Отан соғысында опат болыпты да Мұхаметжан, Мұханбетқали жəне Жамалдың тағдырлары соқтықпалы-соқпақты тірлікке тап келіп, көрешектерін көріп жүріп ғұмыр кешкен. Тоқ етерін айтқанда, тұрмыстары шеке шылқытпаған. Оған себеп болған революция, азамат соғысы, кəмпеске деген заманы қалай болса, қалпағы солай киілген кезең еді. Ал оған келіп кейін жұт, ашаршылық қызыл террор секілді нəубеттің қоса киліккені бар. Міне, осындай кезде мұндағы елдің мамыражай тірлігінің тас-талқаны шықты. Шетелдіктер салған консерві зауытынан өз нəпақасын тауып жеп жүрген жарлы-жақыбайлар: “Батыс алпауыттарына қызмет еткендер жаңа елдің жаулары!” – деген ұр да жық ұраннан кейін жан-жаққа бас сауғалап безіп кетті. Шолақ белсенділердің шошаңдаған қамшысы бұйығы жұртты басыр етіп тастады. Осындай бей-берекет тіршілікті көрген, одан запы болған Теміртас та отбасын ертіп Сібірге бет алды. Түменге (Тюмень) жете берер жердегі қашқан-пысқан қазақтардың басын құраған “Бірлік” колхозына табан тіреді.

Əрең дегенде ес жиып, етек жапқан кезі еді. Отағасының мойнына “халық жауы” деген пəле ілінді. Ақыры Біржан салдың ұлы Теміртастың опат болғандығы жөнінде елге 1943 жылы ғана хабар жетті. Екі ұлы Шəріп пен Шаймерденнен соғыста, ал сүйікті жарынан жоғарыдағыдай зобалаңда айырылған қамкөңіл Гүлжəмила ана да көп ұзамады. Жылай-жылай ол да өмірден озды. Міне, сондай уақытта, сондай заманда атамекеннен қашық жерде жүрген Мұханбетқалидың мойнына тауқыметті тұрмыстың сірне-сірне қамыты мықтап-ақ киілген еді.

– Он төрт жасымнан бастап тракторға отырдым. Күзде комбайнның штурвалынан түспедім. Техника тілін білгенім аштан өлтіріп, көштен қалдырған жоқ. Ақыры автокөлікті де тізгіндедім. Сөйтіп, 1955 жылы Түмен жағынан елге кəдімгідей есейіп оралдым. 1957 жылдан Бурабайда тұрып келе жатырм. Зейнеткерлікке шыққанға дейінгі он бес жылымда Мəскеуге бағынышты “Физика земли” ғылыми-зерттеу институтының осы арадағы филиалында автокөлік жүргізушісі болдым, – дейді Мұханбетқали ақсақал. Иə, тұрмыс талқысы тектіден қалған жалғыз тұяқты теріс теппесе, бауырына басып, өбектей қоймапты. Оған оның жоғарыдағы сөздері дəлел.

– Біржан салдың əніндегі өлең жолдарына қосылған сіздің əкеңіз Теміртастан басқаның Асыл, Ақық деген қыздары да болған ғой. Олардан ұрпақ бар ма? – дедік біз осы арада Мұхаңды қайта əңгімеге тартып.

– Ақық пен Асыл – əкемнің апалары. Олардың қыздарының қыздары Степногорск қаласында тұрады. Бертінде табыстық, – деп қысқа жауап қайырды бұл сауалымызға қария. Сөйтті де:

– Осы арада басын ашып айта кететін бір мəселе бар, – деді жөткірініп қойып, – Біржан бабамыздың Теміртас, Асыл, Ақықтан басқа Қалкен деген ұлы, Мəра деген қызы болған.

“Үш жүздің ортасында Біржан едім,

Бұл күнде қойды құдай шалықтатып”, – деп жатқан ауыр науқас кезінде туған бұл балалар атамыздың қоштасу өлеңіне енбей қалған ғой. Сол Қалкен 1924-1936 жылдары Степняктағы алтын шахтасында еңбек етті. Көкше өңірінде Ленин орденін алған алғашқы еңбеккер де осы Қалкен. Рахила деген əйелі болды. Бəдендінің сұлуы еді. Амал не, олардан ұрпақ жоқ. Білетінім осы.

– Енді атаңыз Біржанның зираты жөнінде бір сауал. Ол жер сізге бала кезден белгілі ме еді, жоқ əлде кейін біреу əдейі апарып көрсетті ме? Оны қай уақыттан бері білесіз?

– 30-шы жылдардағы нəубетте біздің үй Сібірге көшті ғой. Ол кезде кішкентай баламын. Сондықтан бұл мəселеден онша хабарым болған жоқ. Ресейдің Түмен облысынан елге 1955 жылы ғана оралудың сəті түсті. Міне, сол кезде Шарғия деген апам мені Степняктан бір-екі шақырым жердегі зиратқа əдейі əкеліп: “Атаң Біржан салдың сүйегі осы жерде жатыр. Келіп құран оқытып тұр”, – деп əнші қабірін алғаш рет көрсетті. Ал, Шарғия кім дейсіз ғой. Бабамыз Қожағұл əулетінен Ержан, Нұржан, Біржан тараса, Шарғия апамыз солардың ішіндегі Нұржанның Сыздығының қызы.

– Сіз алғаш көргенде зират қандай күйде еді? Ал, кейін ше?

– 1955 жылы қабірдің төңірегінде шикі кірпіштен қаланған қоршау бар-тын. Ертеректе орнатылған құлпытас болуы керек, құлаған күйі жерге сіңе мүжіліп қапты. 1964 жылы бабамыздың туғанына 130 жыл толуы қарсаңында жергілікті үкімет зиратқа қызыл кірпіштен төрт құлақты қабырға-қоршау тұрғызды. 1974 жылы бюст қойды. 1994 жылы Көкшетау облысының əкімі Қызыр Жұмабаев ұлы сазгер-əншінің 150 жылдық мерейтойына орай, оның сүйегі жатқан жерді өзара үйлесім тапқан архитектуралық ансамблі бар алаңға айналдырып, бабамызға əдемі ескерткіш орнатты. Оған бүкіл ел риза болды.

– Республика жұртшылығы 1966 жылы Біржан салдың бейнесімен тұңғыш рет қауышты. Ол портретті салған қазақтың ең алғашқы кəсіби суретшісі Əбілхан Қастеев болатын. Айтыңызшы, аталмыш туындыны өмірге əкелерде Əбекең Көкше өңірінде болды ма? Егер болса, онда суретші Біржанның тікелей ұрпағы болып табылатын өзіңізбен кездесіп, əңгімелесуі керек еді ғой. Қылқалам иесі атаңыздың портретін неге, нендей деректерге сүйеніп салды деп ойлайсыз?

– Менің білетінім мынау. Алматыдағы Ғылым академиясында біздің осы Бурабай кентінің тумасы Қарта Қаңтарбаев деген ғылыми қызметкер болған. Міне, сол кісі Əбілхан Қастеевке Біржан атамыздың жоғарыда Ленин орденін алған деп өзіміз айтып кеткен Қалкен деген баласының суретін апарып берген. Неге дейсіз ғой. Көнекөздердің айтуынша, Қалкен Біржан атамыздан аумайды екен. “Тірі Біржан!” деуші еді дейді қарттар онымен ұшырасып қалғанда. Суретші Əбілхан Қастеев атақты əншінің портретін міне, соған қарап салған дейді. Ол кездері, яғни 60-жылдары жоғарыдағыдай шаруамен маған келіп ешкім жолыққан жоқ. Жолыққан күннің өзіңде ештеңе айта алмас едім. Өйткені мен атамды көрген жоқпын ғой. Қариялардан да естігенім шамалы. Шет жақта жүрдік емес пе? Мұханбетқали ақсақал осы сөздерді айтты да, əкесі Теміртастың суретін көрсетті. Бұл бізге Ахмет Жұбановтың “Замана бұлбұлдары” кітабынан таныс фото болатын. Автор өз шығармасында осы рəсімді өзіне əкеп табыс еткен Ғылым академиясының қызметкері Қарта Қаңтарбаевқа ризашылық сезімін білдіруді ұмытпаған. Бұл сол Қарта, суретші Əбілхан Қастеевке Қалкеннің суретін апарып беретін Қарта ғой. 

Жалғасы

Сұқбаттасқан: Жанболат Аупбаев

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: msi-astana.kz