Бүгін Қазақтың біртуар ақыны, сазгеры Біржан салдың туған күні.
Біржан сал Қожағұлұлы - 1834 жылы Ақмола облысы Еңбекшілдер ауданында дүниеге келген.
Бозбала кезінен әнші-ақындардың қасына еріп, той-думанның сәніне айналған Біржанға Шөже, Салғара, Толыбай, Орынбай, Нүркей, Сегізсері, Арыстан сынды өнер иелері ұстаздық еткен. Біржан сал қазақтың дәстүрлі әншілік өнерін, халық музыкасын жаңа белеске көтеріп, өз ән-өлеңдерімен толықтырған ірі тұлға.
Біржан сал әншілік, ақындық, орындаушылық өнерде де өз үн-бояуымен, өз әуенімен жеке-дара өнерпаз болғандықтан, оның айналасына халықтың таңдаулы ақын, әншілері, өнерпаздары топталып, ақынды ұстаз тұтқан. Бұлардың бір тобы Біржан салның әншілік, ақындық, композиторлық өнерін өздерінің шығармашылығы арқылы дамытқан, мысалы Жаяу Мұса, Акан сері, Қанапия, Балуан Шолақ, Үкілі ЬІбырай. Енді бірқатары оның ән шығармашылығын, орындаушылық өнерін халық арасына кеңінен таратушы, насихаттаушы болған. Мысалы, Құлтума, Жарылғапберді, Ғазиз.
Оның әндері нәзік сезімді, сұлулықты жырлаған сыршылдығымен қоса әлеуметтік мән-мазмұнымен де құнды. Өмірінің соңғы кезінде ру арасындағы талас-тартыстар, ағайын ішінің кикілжіңі Біржан салдың жеке басына да қатты әсер еткен. Қиянатшылар тіпті оны «жынданды» деген лақап таратып, қол-аяғын байлап тастауға дейін барады. Аталмыш оқиға Біржан салдың «Теміртас» әнінде үлкен қасіретпен айтылады.
"Теміртас" әні
Орындаушы: Байғабыл Жылқыбаев
Біржан деп атым шықты алты Алашқа,
Құдайым берсін ғұмыр Теміртасқа.
Жасымыз алпыс бестің келгенінде,
Құдайым берді науқас ғаріп басқа.
Мінуші ем кербез керді арықтатып,
Әр топта сөйлесуші ем анықтатып.
Үш жүзге мағлұм болған Біржан едің,
Құдайым берді науқас шалықтатып.
Сөйлесем бал тамады-ай таңдайымнан,
Тағдырдың бізге берген қандайынан.
Теміртас, Ақық, Алтын мейірбаным,
Кетсейшы-ау бір сүйгізіп маңдайыңнан.
Алдымда шам шырағым - Теміртасым,
Тілегім болсын ұзақ сенің жасың.
Хош болыңдар, бауырым, балапаным,
Байқаймын ажал шіркін құтқармасын.
***
"Жанбота" әні
Орындаушы: Жүсіпбек Елебеков
Жанбота
Жанбота, осы ма еді өлген жерім,
Көкшетау баурайында көмген жерің.
Кісісін бір болыстың біреу сабап,
Бар ма еді статьядан көргендерің.
Жанбота, өзің болыс, әкең Қарпық,
Ішінде сегіз болыс иіенің артық.
Өзіңдей Азынабайдың поштабайы,
Бір қойып, домбырамды алды тартып.
Айтады Біржан өлең ентелетіп,
Біржанды халқым қойды еркелетіп.
Есерге поштабайдай көз алдыңда.
Біржанды қойғаның ба желкелетіп.
***
"Ләйлім шырақ" әні
Орындаушы: Жәнібек Кәрменов
Ләйлім шырақ
Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: celebrities.kz