Бозоқ — ежелгі қалашық. Шамамен VIII ғасырда болған. Жергілікті билеушінің ордасы саналған. Бозоқтың гүлденген кезі жергілікті түркілердің арасында қыпшақтардың беделі артқан Х-ХІ ғасырға сәйкес келеді.
ХІ ғасырдың басында бүкіл қазақ даласы қыпшақ мемлекеті болып аталды. Қаланың орналасқан жері туралы алғашқы мәліметтер патша армиясының офицері, геодезист И.Шангиннің жазбаларында кездеседі. Бозоқтың аумағц 30 га жерді алып жатыр. Астана қаласының оңтүстік-батыс шетінде Бозоқ кентінің шығыс жағалауында орналасқан. Қалашық Нұра өзенінің Есіл өзеніне өте жақын ағып келетін тұсында орналасқан.
Осы тұста олардың арасын 40 км жер бөліп жатыр. Бұл жер шаруашылық мақсаттарға, әскери-стратег. дайындық өткізуге, керуен жолдарын бақылауға алуға өте қолайлы болған. Бұл ортағасырлық қалашық Х-ХІ ғасырлардағы ескерткіші — аумақтың әкімшілік және сауда орталығы, сонымен қатар Ұлы Жібек жолы бойындағы қыпшақ билеушілерінің әскери ордасы болған. Сонымен қатар діни-ғибадаттық шаралар өткізетін және адам аз тұратын маң далада жолаушылар мен сауда керуендеріне географиялық бағдар беретін орталық саналған.
ХІІІ-ХМ ғасырларда қалашық орны қасиетті, киелі саналып, ақсүйектерді жерлейтін орынға айналды. Бозоқ адамдардың рухани өмірінде де ерекше маңызға ие бола бастады. Мұсылмандар арасында киелі орын саналып, бұл жерде құлшылық етіп, әруақтарды еске алып, ас берілетін болды, ұлттық ойындар ойналып, жарыстар өткізіліп тұрды. Сонымен қатар жолаушылар мен керуендердің дем алып, түнейтін орнына айналды.
Бозоқ солт-тен оңт-ке қарай Есіл - Нұра - Қорғалжын - Сарысу - Сырдария бағытындағы, шығыстан батысқа қарай Моңғолия - Алтай - Хазария - Болгария - Русь бағытындағы керуен жолдардың түйіскен жерінде орналасқан.
Қала 3 бөліктен тұрады. Орталық бөлігі домалақтана келген төртбұрышты кварталдан тұрады. Кварталдың биіктеу келген орталық бөлігінде минареттің қалдығы мен 3-4 мазар орны сақталған. Олардың барлығы күйдірілген кірпіштен тұрғызылған. Еуразия университетінің Бүкіләлем тарихы және археологиясы кафедрасының оқытушылары - археологтардың жүргізген зерттеулерінің нәтижесінде кірпішті сол жерде күйдірген, батпақты да сол жерде дайындаған. Су жақын жердегі көлдердің бірінен алынып, арнайы құрылғылардың көмегімен беріліп отырған. Қалашықтың шет жағынан жер суландыратын құралдар табылған, соған қарағанда тұрғындары егіншілікпен айналысқаны байқалады. Түсімі жақсы жерлер мен суармалы егіншілік Бозоқ қалашығының тұрғындарына нан өнімін алуға мүмкіндік берген. Оны өз қажеттеріне пайдаланған және алыс жерлердегі тұрғындар мен керуендерге сатып сауда жасаған. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев өз еңбектерінде: «...ортағасырлық Бозоқ қаласын Ақмоланың түпкі атасы деп санауға болады, ал оның соңғы мұрагері қазіргі Қазақстанның астанасы — Астана қаласы», — деп жазған.