- Негізгі бет
- Қазақстаным
- "Бозінген" күйі туралы...
"Бозінген" күйі туралы аңыздар
Күй аңызы - музыка әлемінде тек қазақта ғана бар өзгеше байлық. Бүгін назарларыңызға "Бозінген" күйі туралы ел аузында, халық арасында жүрген аңыздарды жинап беруді жөн көрдік.
"Бозінген" күйі
І нұсқа
Көктемнің шуағын көріп, қойы төлдеп, қара шаңырақты салар жалғыз інгендері боталап қарық болып отырған үйге, түнерген жәй бұлтындай жауыз шапқыншылар лап қояды.
Шапқыншылар үйді ойрандап, өрістегі малға тап береді. Осы қуғын ішінде қыр асып қана жайылып тұрған бозінген де кетеді.
Бозінген басы-көзге сабаланып, зорлықпен жетекте бара жатып, өзінің артта қалған ақ ботасын қимай зар илеп боздап, тостағандай жанарынан жас сорғалайды.
Осылайша зар илеп бара жатқан бозінген бір қолдан босай қалған орайда сытылып кейініне қашады. Қуғыншылар қанша қуғанымен жете алмай, ақыры күдер үзеді.
Неше күндік жолды зар еңіреп ботасына жеткен інгеннің сүлдері қалған екен. Сонда боздап тұрған бота да інгеннің алдынан жүгіріп табысады.
ІІ нұсқа
Қазақтың бақташылық өмірінен туған ғажап ертегілердің бірі – «Бозінген» сюжеті. «Мұндағы Бағланбай малының құты болған Бозінгенді тумады деп, бір шал мен кемпірге бақтырады. Бозінген басы алтын, құйрығы күміс бота туғанда, кемпір мен шал інгенді бір керуеншілерге сатып жіберіп, ботасын алып қалады. Қысқа ғана ертегінің көп жері ботасын жоқтап жылаған Бозінгеннің зарлы даусына құрылған. Бағланбайдың екі баласы Бозінгеннің даусын танып, оны ботасына қосады. Бозінгеннің жоқтауы:
Жаралғаннан жасымнан,
Күйіп, жанып сабылдым.
Тартып беру бала үшін,
Үстіме кілем жамылдым.
Көрер күнім бар ма екен,
Мен ботамды сағындым.
Бұдан әрі өзі жат қолына түскен Бозінген ұшқан құстардан, түнде жортқан жапалақтан ботасының дерегін сұрайды. Иесі түйені құтқарып, ботасына алып келе жатқанда да Бозінген оны көруге асығып, адамша мұңданып, көз жасын төгеді.
ІІІ нұсқа
Ерте уақытта бір үлкен жұт болады. Елде жөнді мал қалмайды. Бүкіл ауылды жұттан қалған жалғыз бір бозінген асырайды. Көпшіліктің күн көріп отырған бозінгені бір күні иімей қалады, жан сақтап отырған халық қатты сасады. Содан соң, пәлен жерде бір асқан күйші бар екенін естіп, кісі жіберіп, соны алдырады. Егер күйші бозінгенді идіріп берсе, сол ауылда бір сұлу қыз бар екен, соны бермек болады. Күйші домбырасын күйлеп, ағызып тарта жөнеледі. Күйге құлақ салған бозінген иіп қоя береді. Бермек болған қыз түйенің сүт аға бастаған емшегін ұстай алады. Сол арада күйші жап-жас қызды көріп қалады. Бірақ ол жұрттың ұйғарындысына рақмет айтып, рұқсат етеді.
Сурет: pic.lshou.com
M. Auelkhan