Блогерлер Алматы метросының құпиясын ашты

Қазақстандық блоггерлер Алматы метросында флешмоб өткізді. Бұл туралы Massaget.kz тілшісі хабарлады.

Флешмоб авторлары бұл шара арқылы метрополитенге жастар көзімен назар салуды мақсат тұтыпты. Ұйымдастырушылар әр станцияға өздерінше ат қойып, әр бекетте көрермендерге ерекше сый дайындап отырған екен. Мысалы "Оперная" станциясында халық опералық әншілердің өнерін тамашалап, қызықтады. Айта кетерлігі, шараны негізінен субмәдениет өкілдері тамашалап, баға берді. Нақтырақ айтқанда, қызыққа назар салуға "Готы Казахстана" ұйымының мүшелері шақырылған екен.


"Спорт" станциясындағы атмосфера мүлде бөлек болды. Жиылған жұрт бұл бекетте қыздар арасындағы күресті қызықтады. "Неке" станциясында көрермендер ғашық жұптардың биіне куә болды. Айта кетелік, экскурсияға ақ киімдегі мим жолбасшылық қылып, алып жүрді. Ұйымдастырушылар оны Алматыдағы арбаттан кезіктіріп, алып келген екен.

Жоба продюсері Александр Мелентьевтың (Самсон Безмятежный) айтуынша, шараға алматылық кәсіби музыканттар мен бишілер арнайы шақырылған. Төменде SpasiboEva ресейлік жобасымен танымал Алина Пязоктың жасаған видеосына назар салып, флешмобқа баға беріп көріңіздер.


Мелентьев, сонымен қатар, Лондондағы Олимпиада аяқталған соң, жерлестеріміздің жетістігіне арналған видеролик түсірілетіндігін айтып өтті. 

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз