- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Биыл Қазақстан Әскери-теңіз...
Биыл Қазақстан Әскери-теңіз күштері құрылғанына 28 жыл толды
Биыл, 2 сәуірде Қазақстан Әскери-теңіз күштері құрылғанына 28 жыл толды. Қазақстан әскери-теңіз күштері 1993 жылдың 2 сәуірінде Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен құрылды. Бастапқыда Ақтау қаласында әскери-теңіз базасы болды. 1999 жылдың шілде айында әскери-теңіз базасы Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметі Теңіз бөлімдерінің құрамына кірді.
Бүгінгі таңда бөлімшелер мен құрамалар жауынгерлік дайындықтарын жетілдіріп, мемлекетіміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді ойдағыдай орындай отырып, елдің мүдделерін қорғауға маңызды үлес қосып келеді.
2003 жылдың 7 мамырында Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң құрылымын одан әрi жетiлдіру жөнiндегi шаралар туралы" №1085 Жарлығы шықты. Осы сәттен бастап Әскери-теңіз күштері Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жеке түрі ретінде қалыптасты.
2010 жылдың ақпан айында еліміздің Президенті – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғары Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштерінің қолбасшысына Жауынгерлік Туды табыстады.
Жалпы алғанда, теңізшілер өздеріне жүктелген міндеттерді орындау үшін жылына 240 күннен астам ашық теңізде болады және осы уақыт ішінде кемеде 3600 жаттығу, сабақ және дайындық өткізеді. Олар мемлекеттік органдарға экологиялық функцияларды жүзеге асыруда көмек көрсетеді, экологиялық апаттардың салдарын жоюға және басқа да іс-шараларға қатысады.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Әскери-теңіз күштері ауқымды міндеттерді шешуге қабілетті жұмыс жасай алатын және жауынгерлік әлеуеті бар әскер түрі. Оның құрамына мина-тартқыш және зымыран-артиллериялық кемелер, сондай-ақ қосалқы кемелер, жауынгерлік және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бөлімшелері, түрлі кемелер кіреді, - дейді Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы контр-адмирал Сәкен Бекжанов.
Әскери-теңіз офицерлері Ресей, Түркия, Германия, Қытай, Оңтүстік Корея және АҚШ-тың жетекші әскери оқу орындарында оқытылады. Бүгінде әскери-теңіз күштерін даярлау орталығы бар, келісімшарт бойынша әскери қызметкерлер оқитын Ақтау және Орал қалаларының жоғары оқу орындарында әскери кафедралар жұмыс істейді.
Жоғары кәсіпқойлық Әскери-теңіз күштерінің жауынгерлік жүзушілерін ерекшелендіреді. Олар тікұшақтардан және қайықтардан суға қонуға, кемемен жау шабуылын тойтаруға, су астын минадан тазартуға қабілетті.
Жедел дайындық шеңберінде теңіз матростары қарулы күштердің басқа салаларынан жедел топтарды тарта отырып, жедел-тактикалық оқу-жаттығу жиындарына, командалық-штабтық жаттығуларға және арнайы тактикалық жаттығуларға қатысады.
ҚР Қорғаныс министрлігінің тапсырысына орай, Оралдағы "Зенит" зауытында әскери кемелер жасалады. Бүгінге дейін зауыттан отандық бірнеше кемелер мен катерлер көк теңізге шықты.
Т. Раушанұлы