- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Биыл Алматы қаласының...
Биыл Алматы қаласының туған күні қалай тойланады?
Бүгін Қазақстан баспасөз клубында "Алматы қаласының туған күніне" арналған баспасөз-конференциясы болып өтті, –деп хабарлайды massaget.kz тілшісі.
Баспасөз-конференциясына Алматы қаласы мәдениет басқармасының жетекшісі Маркен Ахметов, Алматы қалалық мәдениет басқармасының бас маманы Айнұр Баженова, Almaty City Tour агенттігінің директоры Антон Митин және Алматы қаласы мәдениет басқармасының баспасөз-хатшысы Рашид Тыливалдиева қатысты.
Алматы қаласы мәдениет басқармасының жетекшісі Маркен Ахметовтың айтуынша, биыл алматылықтар мен мегаполис қонақтарын Қала күніне орай 50 жарқын жаңалық күтіп тұр екен. Осы жылғы мерекенің ауқымы мен тақырыбы жылдағымен салыстырғанда өзгеше. Ұйымдастырушылар Алматы тұрғындары мен қала меймандары үшін әдеби, театр, спорт және жастар кәсіпкерлігі аясында көптеген іс-шара ұйымдастырмақ.
Алматы қаласы мәдениет басқармасының жетекшісі Маркен Ахметов:
– Алматы қаласы әкімдігі дайындап жатқан мәдени, дәстүрлі іс-шаралар, әсіресе, қала туристеріне ерекше қызықты болмақ. Себебі олар Алматы қаласының кешегі мен бүгінгі тарихымен терең таныса алады. Ол үшін біздің қаламыздағы тарихи мұражайларымыз жұмыс істейді, – деді.
Almaty City Tour агенттігінің директоры Антон Митин:
– Жыл сайын қаламызға келетін түристердің қатары көбеюде. Қазіргі таңда Алматыға келген туристер өз бағдарын қалада өтіп жатқан мәдени іс-шаралармен байланыстырғысы келеді. Осыған сәйкес біз шетелден ағылған туристердің бағыт-бағдарын қала өмірімен барынша байланыстыруға тырысып жатырмыз. Былтыр тап осылай қаламызға 150 турист келіп, қала өмірімен таныса отырып өз демалыстарын жақсы өткізген, – деді.
Н. Нұрмаханұлы