Әлем елдерінде танымалдыққа ие халықаралық Бибігүл Төлегенованың орындаушылар байқауы биыл жетінші рет Қазақ елінің Астанасында өткізіліп отыр. Байқаудың негізгі мақсаты - биік рухты музыканы, шынайы кәсіби орындаушылардың өнерін насихаттау. Байқау классикалық және халықтық музыканың таза қайнар бұлағына тыңдармандардың назарын аударады. Ол жас дарынды өнерпаздарды анықтап, қазақ классикалық ән өнерінің деңгейін көтеріп, жас ұрпақтың рухани дамып-жетілуіне ықпал етеді. Қазақ халық ән өнерінің ең үздік үлгілерін орындау арқылы олардың шынайы сұлулығын ашып, қазақ композиторларының шығармаларын кеңіне танытып, өзге ұлттар мен мәдениеттердің үндестіреді.
Биыл байқауға қатысу үшін, еліміздің түпкір-түпкірінен, алыс-жақын шет елдерден барлығы 64 опера орындаушы өнерпаз Елордамызда жиналатын болады. Үміткерлердің өнерін саралап, қазылық ету үшін Франция, Болгария, Литва, Молдова, Ресей мен Армениядан операның нағыз майталмандары, ең беделді музыканттары шақырылды. Қазылар алқасының төрайымы - дәстүрлі түрде КСРО халық әртісі, Социалистік еңбек ері, КСРО мен Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының иегері, академик Бибігүл Төлегенова.
21 қыркүйек күні 18.30-да «Қазақстан» орталық концерт залында байқаудың ашылу салтанаты, ал 26 қыркүйек күні 18.30-да жеңімпаздарды марапаттау рәсімі, Әлемге аты мәшһүр опера жұлдыздарының қатысуымен Гала-концерт өтеді.
Байқаудың директоры Гүзел Төлегенованың айтуынша, аталмыш музыкалық жобаның басты мақсаты – классикалық ән өнерін, оның ішінде қазақ халық әуендері мен халық композиторларының шығармаларын насихаттау, көпке таныту.
Қазылар алқасының төрайымы, КСРО халық әртісі, Социалистік еңбек ері, КСРО мен Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының иегері, академик Бибігүл Төлегенова ханымның айтуынша, жыл өткен сайын байқаудың танымалдығы және қазақ классикалық ән өнерінің дамуына ерекше ықпалы артуда.
«Біздің лауреаттар, оның ішінде Қазақстандық орындаушылар, Әлемнің ең үздік опера сахналарында өнер көрсетеді. Біздің байқаудан кейін, олар кез-келген Халықаралық беделді ән байқауларына қатысып, міндетті түрде жүлделі болып жатады. Бұл жайт біз үшін мақтаныш екенін жасырмаймын» - дейді Бибігүл Ахметқызы.
VII Халықаралық ән байқауын ұйымдастыруда Астана қаласының әкімдігі, ҚР Мәдениет және спорт Министрлігі және жобаның бас демеушісі «Самрұқ Қазына» ҰӘАҚ үлкен қолдау көрсеткен. Сонымен қатар, жыл сайын қолдау көрсететін демеушілер – «Атамұра», «Шеврон», «ПетроҚазақстан» компаниялары.
Өнерді сүйіп, құрметтейтін барлық көрерменді жоғары сапалы өнер туындыларымен сусындап, байқау қатысушыларына қолдау көрсетуге шақырамыз.
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: astana-akshamy.kz