Бейбітшілік ұялаған "Бәйтерек"

Әлемтану айдары Астана қаласына саяхаттауды жалғастырады. "Хан шатыр" ойын-сауық орталығына және "Мәңгілік ел" қақпасына жасаған саяхатымыз "Астана-Бәйтерек" кешеніне де келіп жетті.

"Астана-Бәйтерек» монументі – елордамыз Астана қаласының негізгі нышаны, оның визитті карточкасы деуге болады. Жалпы, бәйтерек - ежелгі таным бойынша, тылсым қасиетке ие алып ағаш. Бәйтерек байырғы орта түсінігінде жердің дәл кіндігінде өсетін, тамыры жерасты, діңі адам әлемі, басы рухтар мекені болып табылатын көк тіреген алып ағаш. Бәйтерек ежелгі түркі сөзі, "бәй" - үлкен, алғашқы деген ұғымдарды, ал терек (парсы тілінде - дарақ) «ағаш» деген ұғымды білдіреді. Демек "Бәйтерек" екі сөздің бірігуінен жасалып, «зәулім ағаш» дегенді танытады. Оның идеясында «Самұрық» қасиетті құсы туралы ежелгі қазақ аңызы жатыр. Қанатымен аспанды жауып «Самұрық» тұр. Бәйтерек тіршілік тірегіне қарай ұшып келеді. Бәйтеректің ортасында өмір мен үміт беретін алтын жұмыртқа Күнге негіз салуда. Ал астында, тамырында айдаһар орналасып, түн мен қысты шақыруда.

Монумент ұзын темірлі құрылымдардан, шыныдан, металдан, бетоннан тұрғызылған. Алып шардың түсі хамелеон шынылармен көмкерілген. Күннің шапағына шағылысып, әртүрлі түске құбылып тұрады.

Құрылым биіктігі 105 метрді құрайды. Салмағы 1000 тоннадан асады. 97 метрді құрайтын көрініс кешені замануи қаланың көркем бейнесін ашады. 97 саны кездейсоқ емес, ол астананың Алматыдан Астанаға ауысқан мезгілін білдіреді.


Панорамалық зал ортасында 17 жапырақтан тұратын, 17 түрлі әлем діндерінің уәкілдері қолы қойылған ағаш глобусы орналасқан. Ал қасында монументті жасау ойы туындаған Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев алақанының ізі бар. Егер алақанға қолды қойып, арман-тілек тілесе, орындалады деп айтылады. 

Соның ішінде «Бата» композициясы да бар. Бұл - 2003 жылы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен Астанада жиналған он жеті әлемдік діни конфессиялардың жетекшілері Қазақстан халқына және жеріне берген ақ батасы.

Ағаштың негізгі функциясы: негізгі үш ел мекемесінің деңгейін біріктіру – төменгі (жер асты), ортаңғы (жердегі) және үстіңгі (аспандағы). Төменгі қабат немесе өмір ағашының нәр алатын жер асты бөлігі 4,5 метр тереңдікте орналасқан. Осы арада дәмхана, аквариум және суретші Ерболат Төлепбайдың еңбектерінен тұратын «Бәйтерек» минигалереясы бар. 

Келушілер панорамалық лифтімен әйнек «шарда» (жұмыртқада) орналасқан кең залдарға көтеріліп, «құс ұшатын» биіктіктен егеменді Қазақстанның жаңа астанасында болған және болып жатқан өзгерістерді көре алады.

"Астана-Бәйтерекке" қонақ болғандар үшін жаңа қаланың мәдени-әкімшілік орталығының макеті бар. Экскурсоводтар мемлекеттік, орыс, ағылшын тілдерінде астанамыздың алыс және жақын шетелдік сонымен қатар, Қазақстаның астанаға келген қонақтары үшін шолу экскурссияларын өткізеді және оларды қызықтыртын сұрақтарға жауап береді.

Сонымен қатар онда «Астана-Бәйтерек» символикасы мен сувенирлік өнімдер сату бойынша дүкен бар. Онда сіз халықтардың бұйымдарын табасыз.

«Бәйтерек» кешенін жобалаушы сәулетшілер тобын басқарушы - А.Рүстембеков. Сондай-ақ С.Базарбаев, Ж.Айтбалаев сынды сәулетшілердің еңбегін ерекше атап өтуге болады. Инженер-конструкторы - М.Вахштейн, интерьер дизайншысы - А.Оспанов. Сондай-ақ оның жобасын жасауға “Аэропорт” ААҚ, “ЭМК” ЖШС, “Архфонд” ЖАҚ, Сәулетшілер одағы және “Алуа” ЖШС секілді қазақстандық жетекші фирмалардың мамандары қатысты. Оның негізгі идеясы - елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың эскиз-нобайы негізінде өмірге келді. Ол бейбіт өмір мен келісімге ұмтылған барлық қазақстандықтардың ғұмырлық мұратын білдіреді.

Бейбітшілігіміз бен ынтымағымыз мәңгі болсын, ағайын!

Арнайы Massaget.kz үшін: Айгерім Сматуллаева