Бес ата киелі орындары қай жерде орналасқан?

Бес ата киелі орындары қай жерде орналасқан?
Фото: taukomek

Алматы облысында тек Қазақстаннан ғана емес, алыс-жақын шетелдерден де зиярат етушілер баратын бес киелі жер бар. Оның барлығы халық арасында «Бес ата» атымен танымал. Орындардың энергетикалық қуаты көп, сондықтан жыл сайын бұл жерлерге зиярат етушілер саны артып келеді.

Аталмыш киелі орындар Алматыдан алыс емес жерде орналасқан. «Бес ата» құрамына Сүйінбай бейіті, Жамбыл Жабаевтың мұражай-үйі, Сарыбай бидің жерленген жері, Түктібай бақсы мазары және Қайназар ата кесенесі кіреді.

Сарыбай би

Сарыбай би – 1821 жылы туған, жастайынан халқын азат, тәуелсіз көруді армандаған. Жауынгерлік ерліктері үшін бірнеше рет марапатталып, Қоқан хандығын толық жеңгеннен кейін оған полковник шені берілді. Сарыбай ата Алатау дуанының биі болған, халық оны адалдығы мен әділдігі үшін құрметтеген.

Ел аузындағы аңыздарға, Сүйінбайдың, Жамбылдың дастандарында, толғауларында Сұраншы батыр мен Сарыбай бидің ата жұртын біріктіру жолындағы билік істері, атамекенін жау шапқыншылығынан қорғаған ерлігі соғыс өнерінің түрлі амал-айлаларына жетіктігімен қатар ашылады. Осындай ерен ерлік істердің бірі Сүйінбай мен Жамбылдың ­дастандарында, толғауларында көрініс тапқан.

Түктібай бақсы

Түктібай әулие — Түктібай бұдан 300 жылдай бұрын Сыр өзені бойында дүниеге келген. Туған кезде үсті-басы түгел түк болған екен. Сексеннен асқан емші атасы немересінің бұлай болғанына қуанып: "Бұл бала нышанмен туды. Аты Түктібай болады" деген екен.

Аңыз бойынша бала он үшке келгенде тораңғыдан өзі шауып қобыз жасап алыпты. Бұл қобызының үні шықпай, қара терге түсіп қайта қобыз шабады. Бірде күн батып бара жатқанда далада ұйықтап кетіпті. Дәл өңіндегідей түс көріпті. Түсінде ақ сақалы желбіреп, беліне түскен қария: "Балам, анау Әулиешоқы деген құмның шетінде үй орнындай ғана тақыр жер бар. Соны қазсаң, өмір бойғы керегіңді аларсың. Ал, батамды бердім. Қобызды да қасиет қонған киелі жан ұстайды, қолыңды жай!" деп батасын беріпті. Бала әкесіне айтып, екеулеп Әулиешоқы құмын шарлап, ат аунайтындай ғана тақыр жерді табады. Сол жерді қазып жіберсе, түйе терісіне оралған қобыз бен төс, балға шығады. Түктібай қобызды ала салып, айдалада ойнап кеп жөнелгенде уілдеп, құм суырған жел де тынады, алакөбіктеніп долдана аққан өзен де сабыр табады. Содан бастап Түктібай бақсы атаныпты.

Кесене Жамбыл ауданы, Қызыләскер ауылында орналасқан

 

Сүйінбай Аронұлы

Сүйінбай Аронұлы − әйгілі ақын, айтыс өнерінің майталманы. Алматы облысының Жамбыл ауданына қарасты Қарақыстақ елді мекенінде 1815 жылы дүниеге келіп, сол атамекенінен 1898 жылы топырақ бұйырған.

Сүйінбай айтыскер ақындығына қоса эпикалық жырлардың асқан шебері болған. Елдік мұратты көксеп, бастарын бәйгеге тіккен Өтеген, Қарасай, Сұраншы, Саурық батырлар туралы көшелі жырлар шығарған. Ал, Қатаған ақынмен, Тезек төремен арадағы айтыстары айтыс өнерінің тамаша үлгілері болып саналады. Сүйінбайдың шешендік тапқырлықтары, ғибратты нақылдары, сондай-ақ әлеуметтік-психологиялық сықақ өлеңдері оның заманы мен қоғамына белсене аралсып отырған сергектігін білдіреді. Әйгілі Жамбыл ақын: «Менің пірім Сүйінбай, Сөз сөйлемен сыйынбай...» деп, оны өзіне ұстаз тұтқан.

Жамбыл Жабайұлы

Жамбыл Жабайұлы (1846-1945) – қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы, өлең сөздің дүлдүлі, жырау, жыршы. Туған жері – Жамбыл облысындағы Жамбыл тауының етегі. Топырақ бұйырған жері – Алматы облысының Ұзынағаш елді мекені.

Ақын шығармаларының шоқтығы биігі – айтыстары деп айтамыз. Жамбылдың Құлманбет, Досмағанбет, Сарыбас, Майкөт, Бақтыбай, Сары, Бөлтірік, Жүнісбай, Айкүміс, Бөлектің қызы, Шашубаймен айтыстары суырыпсалмалық өнерінің биікке шарықтағандының айғағы.  Осылардың ішінде Айкүміспен айтысы қыз бен жігіт айтысының жақсы бір көрінісі болса, Құлманбетпен айтысы қазақ әдебиетіндегі айтыстың жақсы бір үлгісі. Құлманбет ақын Албанның би, болыстарының байлығымен, дәулетімен мақтанғанда Жамбыл «Адамдықты айт, ерлікті айт, батырлықты айт, Ел бірлігін сақтаған татулықты айт!» деп жеңіп кетеді.

Қайназар ата

Қарақастекке жеткенше жол бойында бес атаның кенжесі Қайназар ата жатқан бейіт бар. Қайназар ата (1850–1913 ж.ж.) – қоқан басқыншыларына қарсы ұлт-азаттық күресте аты шыққан қазақ батыры.  Өзінің жеке қасиеттерінің арқасында ру арасындағы дауларды шешетін беделді би болған. Кейін екей руының қолбасшысы, әрі биі Сарыбай би оны жаужүрек батыр, әділ және қатал қазы деп бағалаған. Ол ел есінде табиғатты аялаушы адам ретінде қалды, өзі туылған ауылының маңайына көптеген ағаштар отырғызған. Қайназар ата еккен ағаштар әлі өсіп тұр.

Т. Раушанұлы