Қызылорда облысында орналасқан, республикалық маңызы бар, ерекше мәртебеге ие, аты әлемге таныс, даңқты ғарыш айлағы орналасқан Байқоңыр қаласы жайлы мәліметтермен ұсынамыз.
1. Қала жайлы мәліметтер. Байқоңыр қаласының іргесі 1955 жылы ғарыш алаңын салуға байланысты қаланған. 1996 жылға дейін Ленинск атауымен белгілі. Шаһар Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Төретам теміржол стансасынан батысқа қарай 2 км жерде Сырдария өзенінің оң жағалауында орналасқан. Қала "Байқоңыр космодромы" мен бірге 2050 жылға дейін Ресейге жалға берілген.
2. Шаһар тарихынан бір үзік сыр. Қала ұзақ жылдар бойына "аса құпия" нысан болып саналып келді және оны жергілікті тұрғындар да, әскери мамандар да "10-алаң" деп атап келген. 20 ғасырдағы ұлы оқиғалардың бірі де бірегейі – адамзат тарихында алғаш рет ғарышқа адам ұшырған Байқоңыр ғарыш аймағының дүниеге келуі. Оның тұңғыш қазығы 1955 жылы қаңтардың 12-де қағылды.
3. Байқоңыр – ғарыш айлағы. Осы мақсатта Байқоңырды таңдап алу кезінде бұл жердің елді мекендерден қашық болуы, ракета ұшырудың қауіпсіздігі, қайтіп оралатын ғарыштық объектілер үшін қолайлы қону аймақтарының болуы сияқты факторлар ескерілген. 1957 жылы 4 қазанда Байқоңыр ғарыш алаңынан тұңғыш ғарыш ракетасы сәтті ұшырылды. Ол дүние жүзіндегі ең бірінші жердің жасанды серігін орбитаға шығарды. Байқоңырдан тұңғыш рет Ю.А.Гагарин "Восток" ғарыш кемесімен ғарышқа аттанды. 1991 жылы 2 қазанда тұңғыш қазақ ғарышкері Т.Әубәкіров "Союз Т-13" ғарыш кемесімен Байқоңырдан ғарышқа көтерілсе, Ресеймен бірлескен бағдарлама бойынша қазақ ғарышкері Т.А.Мұсабаев ғарышта үш рет (1994,1998, 2001) болса, 2015 жылы 2 қыркүйекте үшінші қазақ ғарышкері Айдын Айымбетов ғарышқа ұшты.
4. Қаладағы әлеуметтік мекемелер мен кәсіпорындар. Онда Мәскеу авиация институтының филиалы, электр техникалық колледжі, ірі есептеу орталығы, әскери аурухана, емхана, әуежай, электр стансасы, сыра зауыттары, түрлі мәдениет ошақтары, көптеген сауда, тұрмыс қажетін өтейтін кәсіпорындар жұмыс істейді.
5. Қаладағы ескерткіштер мен мәдени орындар. Байқоңыр қаласының орталық алаңына бас конструкторлар С.П.Королев пен М.Г.Янгельдің ескерткіштері, сондай-ақ, тұғырға С.П.Королев құрастырған ғарыш кемесі орнатылған. Қаланың демалыс саябағында зымырандарды сынақтан өткізу кезінде қаза болғандардың (200-ден астам) бауырластар зираты, ғарышты зерттеу тарихы музейі бар.
6. Қаланың көлік қатынасы. Байқоңыр қаласы мен ғарыш алаңына қажетті құрал-жабдық, техника, құрылыс материалдары, т.б. заттар Төретам темір жол стансасы арқылы жеткізіледі. Қала инфрақұрылымына енетін көптеген кәсіпорындар мен мекемелер Байқоңыр ғарыш алаңымен бірге 1993 жылы Ресей Федерациясына жалға берілген. Байқоңырдан Қызылордаға дейінгі арақашықтық 254 км. Ғарыш айлағын тамашалағысы келгендер Қызылордаға дейін ұшақпен, поезбен келуге болады. Одан әрі автобус немесе жеңіл көліктермен бара аласыздар.
7. Шаһардың қазіргі тіршілік тынысы. Байқоңыр – ерекше мәртебеге ие қала болғандықтан, мұнда ҚР мен РФ заңдары қатар жүреді. Қала басшысы екі ел Президентінің ортақ келісімі аясында тағайын далады. Шаһарда 73 мыңдай халық тұрады. Байқоңыр қаласы тұрғындарының 60%-дан астамы ҚР-ның азаматтары. Ал, қалған 30%-ы Ресей, 10%-ы шет ел азаматтары. Онымен бірге, ҚР-ның мемлекеттік мекемелері, құқық қорғау органдары, Ішкі істер министрлігінің өкілдігі, прокуратура және ҰҚК басқармасы, Байқоңыр қаласының мемлекеттік мүліктер басқармасы, "Халық" Банкінің филиалы және халыққа қызмет көрсету орталығының филиалы орналасқан.