- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Байқоңыр – әлемде...
Байқоңыр – әлемде жалғыз: тарихы, құпиясы және Юрий Гагарин
Байқоңырды шынымен адамзаттың тал бесігі, ғарышқа қол жалғар көпірі десек болады. Өйткені бұл ғажайып мекен – адамды алғаш ғарышпен табыстырған айлақ. Қазақ Байқоңырды жердің кіндігі деп бекер айтпаса керек. Қорқыт ата аңызында да дәл осынау аңызақ даланы қасиетті жер деп бағалауы тегін емес. Себебі Байқоңыр мен ғарыш әлемі арасында байланыс, ғарышқа тез көтерілер "қара түнек" сынды жол бар.
Ендеше Байқоңырдың тарихы, салынуы, тылсымы мен құпиясы жайлы тереңірек тоқталып өтелік.
Алғашқы айлақ неге Қазақстанда салынды?
1955 жылы Кеңес үкіметі әскери полигон салу туралы қаулы шығарады. Мұндай полигон құрлықаралық баллистикалық зымыранды (ол кезде Р-7 зымыраны болатын) сынақтан өткізу үшін керек болды.
Арнайы комиссия құрылып, алып құрылысты салатын алаңды іздеп, ұзақ ойланды. Негізінен төрт жер таңдап алынды: Дағыстан, Астрахань облысы, Марий Эл аймағы және Қызылорда облысы.
Елдімекенді таңдауда ең алдымен ауыз су мен темір жолдың бар-жоғы назарға алынды. Бұл жағынан Қызылорда артық боп шықты. Әсіресе, жерінің кеңдігі үлкен рөл ойнады: Байқоңыр жанында бос жатқан жер көп. Маңайында мүлде елдімекен жоқ. Полигонды салуға керек 7 мың шаршы шақырым жер сайрап жатыр.
Содан 1955 жылы 2 маусымда КСРО Қарулы күштерінің Бас штабы Байқоңырды ресми түрде әскери полигон деп мойындап, 11 284 әскери бөлімін орналастыру туралы қаулы шығарады. Неге құжатта әскери полигон деп жазғанын да баяндаймыз. Өйткені құпия нысанды қырғи-қабақ жау білмеуі тиіс еді. Бұл жағынан кеңес үкіметі АҚШ-ты он орап кетті.
Жасырын айлақ
Полигон салмас бұрын кеңес әскері Қарағанды облысының Байқоңыр атты елдімекені маңынан арнайы қалашық салады. Қалашықты ағаштан салған. Өйткені маңызды әскери нысанды жат көзден, әсіресе, шетел тыңшыларынан жасырын ұстау керек еді. Сондықтан Байқоңырды алғаш әскери полигон деп те емес, "өтірік полигон" деп атаған. 1961 жылға дейін Байқоңырдың бар екенін ешкім білмеді.
Тек "Восток-1" ғарыш кемесі мен 1961 жылы 12 сәуірде Юрий Гагарин ғарышқа ұшқан кезде ғана ел Байқоңыр атты айлақ барын білді. Содан бастап ресми түрде айлақ аты Байқоңыр деген атауға көшті.
Құрылысшылар стадион сап жатырмыз деп ойлаған
Кеңес үкіметінің Байқоңырды барынша жасырын ұстағанын жоғарыда айттық. Тіпті, алып құрылыс салып, конструкцияны құрап жатқан құрылшылардың өзі бұл жерде үлкен стадион салып жатырмыз деп, ал әскери офицерлер шекараны қорғау үшін әскери база салып жатырмыз ойлаған екен.
Құрылысшыларға полигонның ізін көрсетпес үшін елдің жан-жағынан сарбаздарды әкеп жұмысқа салған.
Көне мекен
Құрылысшылар жерде қазаншұңқыр қазып жатып, көне елдімекеннің орнын тауып алады. Бұл маңда ұстахана, қандай да бір өндіріс алаңы болғанға ұқсайды. Өйткені тапқан жәдігерлердің көбі отқа, алауға байланысты үлкен ошақ болғанға ұқсайды. Сараптама мұның осыдан 10-30 мың жыл бұрын жасалғанын дәлелдеді.
Бас конструктор Сергей Королёв табылған жәдігерге қуанып, "бұл жер қасиетті мекен" деп, жәдігердің бір бөлігін тұмар қылып мойнынан тағып жүрген екен.
Байқоңырда көп адам өлген, бірақ оны ешкім білмейді
Байқоңырда ең үлкен апат 1960 жылы болған. Р-16 құрлықаралық баллистикалық зымыранын ұшырмақ болған сәтте қозғалтқышының біреуі қосылып кетіп, сұйық отын құйылған багы жарылып, бүкіл аумаққа шашылады.
Содан сынақ алаңында өрт болып, 74 адам жанып кетеді. Ал бейресми дерекке сүйенсек, 92 не 126 адам көз жұмған. Бірақ кеңес үкіметі оқиғаны ізім-ғайым жасырып үлгереді. Оны ешкім де білген емес. Бұл оқиға 1989 жылы ғана беті ашылды.
Айлақтың салынғанына биыл 65 жыл болады
Байқоңырдан 60 жылдың ішінде 3 мың зымыран ұшырылып, 150 ғарышкер космосқа аттанды.
Ең алғашқы зымыран 1957 жылы 15 мамырда ұшырылды. Р-7 баллистикалық зымыраны 98 секунд жоғары көтеріліп, бір қозғалтқышы істен шығып, 400 метр жерге барып құлап жарылып кетеді.
Ал 1957 жылы 4 қазанда ғарышқа алғаш рет жасанды Жер серігі ұшырылады. Бұдан кейін ғарышқа ит-космонавтар – Белка мен Стрелка аттанады. 1960 жылы 19 тамызда "Спутник-5" атты зымыран иттерді отырғызып, Жерді 17 рет айналып, Байқоңырға қайта қонады.
Ал 1961 жылы 12 сәуірде ғарышқа алғашқы адам – Юрий Гагарин аттанады. Кейін Герман Титов, Валентина Терешкова ғарышқа аман-есен барып қайтты.
Байқоңырдан Р-9, Р-36, УР-200, УР-100 баллистикалық зымыранының түрлі буыны ұшырылды. Р-7 базасында құрылған "Восток" (1961–1963 жылдар), "Молния", "Восход" (1964–1966 жылдар), "Союз" (1966 жылы), "Циклон", "Протон", айға қонған Н-1, "Зенит", "Энергия" және "Прогресс" (1978 жылдан бастап) сынды зымыран тасығыштар ғарышқа кетті.
1988 жылы "Боран" атты ғарыш кемесін тиеп "Энергия" зымыран тасығышы космосқа аттанды. Жер маңы орбитасына барып "Боранды" босатты. Боран – тарихта ең алғаш ғарышқа аттанған кеме. Ол – Жерді экипажсыз екі рет айналып, айлаққа қайтып келіп өзін қондырған кеме. Одан кейін ол кеме орбитаға ұшырылған емес.
1971-2001 жылдары Байқоңырдан бүкіл бір ғарыш станциялары аттанды. 1971-1991 жылдары "Салют" бекеті, 1986-2001 жылдары "Мир" бекеті құрылады. Қазіргі Халықаралық ғарыш айлағы да Байқоңырдың арқасында құрылды.
1998 жылы "Заря" модулі орбитаға ұшырылады.
Қазақстандық KazSat ғарыш спутниктері де 2006 жылдан бастап Байқоңырдан ұшырылған.
Байқоңыр – әлемде жалғыз
Байқоңыр – өте құнды мекен, қымбат айлақ. Жер бетінде бірде-бір мұндай нысан жоқ. Космондромға биыл 65 жыл толады. Бірақ адамзат осы уақыттың ішінде осыншалықты қуатты бір де бір құрылыс сала алмады.
Ресейде Плесецк мен "Восточный" сынды ұшыру алаңдары болғанымен, Байқоңырдың қуатына жарты ғасыр уақыт берсе де жете алмайды.
2021 жылы Байқоңырдан "Союз-12" зымыраны жіберіледі. Қазан айында ұшырылмақ.
Байқоңыр Мәскеуден екі жарым есе, Астанадан тоғыз есе үлкен. Айлақтың аумағы – 6717 шаршы шақырым. Байқоңырдың аумағында 12 ұшыру қондырғысы, 11 монтажды корпус, 39 техникалық кешен, екі сұйық отын құю бекеті, азот зауыты, 600 трансформаторлық қосалқы станция, екі аэродром орналасқан. 1000 шақырымға созылып жатқан автокөлік жолы бар.
Қ. Слямбек