Бүгін тек жадыраңқы жаздың алғашқы күні емес. Бүгін көңілдері жаздай кішкентай бүлдіршіндердің жеке-меншік мерекесі. 1 маусым елімізде халықаралық балаларды қорғау күні аталып өтуде. Бұл күнді тек біздің ел ғана емес, 1949 жылдан бері әлемнің бірнеше мемлекеті тойлайды. Тұңғыш рет 1950 жылы аталып өткен халықаралық балалар күнінің өз жалауы да бар. Бұл жалауда жер шарын қоршаған түрлі бала бейнеленген. Халықаралық балалар күні - әлемнің түкпір-түкпіріндегі балаларға қуаныш сыйлайтын мейрам ғана емес, кішкентай балалардың құқығын қорғап, оларға қамқор болуға, әлімжеттік, қысым жасамауға үндейтін мейрам. Қоғамды кемтар, жетім, тұрмысы нашар отбасынан шыққан балаларды қорғауға, қолдауға шақыратын күн. Бала ол ертеңгі күн, болашақ. Болашақ бұлыңғыр болмас үшін, ұл мен қыз алғыр болып өсу керек. Ұрпақ саналы болғанда ғана елдің ертеңгі таңы жарық болады. Жарығымыз сөнбесін. Әр шаңырақтың көз қуанышы болған бүлдіршіндер аман болсын. Балаларды қорғау күні құтты болсын! Massaget.kzсайты былтыр дәл осы мерекенің қарсаңында бал тілді балғындармен сұхбаттасқан еді. Кіршіксіз судай таза көңілмен камера алдында тайсалмай өз пікірін білдірген бұзықтардың қызыққа толы әңгімесін тыңдап көріңіз! Қазақ тіл-көзден арашалап асылын арзанға теңеген ғой. Көз қызығын бұзығым деп бастырмалай отыра еркелетуі қазақтың тектілігі болса керек.