- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Айналаңды нұрландыр...
Айналаңды нұрландыр
«Жоғары оқу орындарының флагманы», қазақ білімінің қара шаңырағы – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті көптеген игі бастамалар мен жобалардың ұйымдастырушысы. Студенттерге сапалы білім берумен қатар қазіргі студенттің болашақ бәсекеге қабілетті маман, қарымы күшті, жан-жақты, ұлтжанды саналы азамат ретінде қалыптасуы үшін түрлі жобаларды іске қосуда. «ҚазҰУ студенттері оқуға тиіс 100 кітап», «Айналаңды нұрландыр!», «Салауатты өмір салты», «Жасыл қалашық», «Әдемі дене мәдениеті» сияқты жобалар студент-жастардың айналадағы қоршаған ортаға бей-жай қарамайтындай, сергек, сезімтал қасиеттерін дамыта отырып, әр тұлғаны қоғамды ізгілендіруге ұмтылдырады.
«Айналаңды нұрландыр!» жобасы туралы: «Кез келген жан өмірге қандай із қалдырамын деген ойды есте берік ұстауы керек. Көреалмаушылық, қызғаншақтық бар жерде еш даму болмайды. Аяқтан шалу, арызқойлық жақсы қасиеттер емес. Небір ізгі ниеттерді жастар бойына қалыптастыру арқылы өркениетке қол жеткіземіз. Өркениет арқылы, алған ілім-білімдерді жақсы іске жұмсау арқылы, тәрбиеге ден қою арқылы халық өмірінің сапасын арттырамыз.. Міне, «Айналаңды нұрландыр!» жобасының негізгі діттегені де осы», – деген болатын университет ректоры Ғалым Мұтанов.
«Инабат» рухани-мәдени орталығы да осы жобаға үлес қосу мақсатында «5В020500 – Филология: қазақ филологиясы» мамандығының 1-2 курс студенттері аясында эссе жазу конкурсын ұйымдастырған болатын. Қазақ тіл білімі кафедрасының оқытушылары: профессор Б. Сағындықұлы, доценттер Б. Құлжанова, Л. Әлімтай, Ә. Әміров, Ж. Сәткенова, оқытушы Д. Шакировалар қазылық еткен комиссияға 60-қа жуық эссе келіп түсті. Эссе жазу барысында әр студент өзінің жан-дүниесін толғандырып жүрген жан сырларымен бөліскен. Эсселерді оқып, таразылай келгенде комиссия 11 эссе түрлі номинациялар бойынша үздік деп танылып, 5 эссе ынталандыру сыйлығына лайық болды.
Эссе қорытындысын шығарып, жеңімпаздарды мараптаттау 2014 жылдың 25 қарашасында сағат 13.30-14.00 аралығында өтті. Мараптаттау салтанатына жоғарыда аты аталған оқытушылармен қатар Қазақ тіл білімі кафедрасының меңгерушісі С.Ш. Ақымбек қатысты.
«Көсемсөз зергері» номинациясы бойынша Бекпенбетова Сандуғаш; «Ізгілік жыршысы» номинациясы бойынша Орынова Бибінұр, Берекетова Фариза; «Ойлы тілші» номинациясы бойынша жеңімпаз атанған 2-курс студенті Жутаева Әсел; «Сыншыл филолог» номинациясы бойынша жеңімпаз атанған 2-курс студенті Айтжан Ғалия; «Жақсылық жаршысы» номинациясы бойынша жеңімпаз атанған 2-курс студенті Керімхан Мереке, Текіш Мадина; «Парасатты пікір иесі» номинациясы бойынша жеңімпаз атанған 1-курс студенті Қайроллиева Мөлдір; «Ұлттық тәрбиені ұлықтаушы» номинациясы бойынша жеңімпаз атанған 1-курс студенті Ағабекова Гауһар; «Жүректен – жүрекке» номинациясы бойынша жеңімпаз атанған 1-курс студенті Сламғалиева Айша; «Бейбітшілік насихатшысы» номинациясы бойынша жеңімпаз атанған 1-курс студенті Есбосинова Раушан сертификатпен және бағалы сыйлық – кітаппен марапатталды. Ал Молдағалиева Гауһар, Қасымақын Гүлдана, Муталиева Аяжан, Серғазы Аяжан, Жақсылық Айгерім ынталандыру сыйлығымен және мақтау қағазымен марапатталды.
Бұл – біздің жастарымыздың, студенттеріміздің жан-жағындағы қоршаған ортаға бей-жай қарай алмайтын, сергек те сезімтал екендіктерін, әр уақытта көмек қолын созуға даяр, жұмсақ жүректі, әсемдікті, жақсылықты аялай білетін жандар екендігінің дәлелі болды.
Айналамызды нұрландырып, қуаныш пен шуақты сәт сыйлап жүргенге не жетсін!
Жолдаған: Б.Р. Құлжанова
Қазақ тіл білімі кафедрасының доценті
«Инабат» рухани-мәдени орталығының жеткшісі
Қ. Бүйенбай