Жуырда «Өз бизнесіңді дамыт» стартап байқауы жеңімпаздары анықталды. Екінші мәрте ұйымдастырылып отырған байқауға осы жолы 400 ден аса өтініш білдіріпті. Бұл алдыңғы жылғыға қарағанда әлдеқайда көп екен. Біз бұл туралы бірер күн бұрын хабарлаған едік. Ал бүгін осы жеңімпаздардың жобаларына жеке-жеке тоқталуды жөн көріп отырмыз.
Қазылар алқасына «Singulariteam» қорының жетекшісі Моше Хогег, «Singulariteam» қорының басқарушы серіктесі Кеңес Рақышев, Kaspi Bank директорлер кеңесінің төрағасы Вячеслав Ким, «Сәби» қайырымдылық қорының вице-президенті Әсел Тасмағанбетова мен PR-маманы Әлішер Елікбаевтар мүшелік етті. Қазылар алқасы бұл жылы өтініш иелерінің саны ғана емес, олардың еңбектерінің сапасы да артқанын баса айтып, осы себепті де жеңімпаздарды анықтау оңайға соқпағанын алға тартты. Десе де, он ойланып, мың толғанып төмендегі 2 топты жеңімпаз деп шешіп, қалған 7 топқа да сыйақы берді. Оларды жеке-жеке тізімдеп шықсақ:
1. 50 000 АҚШ долларды автокөлік шиналарын қайта өңдеумен айналысуды негіздеген жоба ұтып алды. Стартап авторы осы салада 9 жыл бойы еңбек етіп келе жатқан Павел Шалагин.
Жобаны таныстыруында: «Экологиялық жағдайдың тазалығы үшін әрқайсысымыз еңбек етуіміз қажет. Тек Алматы қаласының өзінде 500 000 автокөлік тіркелген, көлік иелері жылына шинаны бір рет ауыстыратынын ескерсеңіз, 4 000 000 жарамсыз автокөлік шиналары пайда болатынын есептеу қиын емес. Дамыған елдерде мұндай жарамсыз шиналарды қайтадан өңдеп шығарады. Ал біз оларды не қоқысқа лақтырамыз, не отқа жағамыз. Нәтижесінде, біріншіден, айналамызда жарамсыз қоқыс көлемі артады, екіншіден, ауа ластанады. Біз тозығы жеткен өнімді қайта өңдеу арқылы осы екі мәселенің де шешімін таба аламыз. Ол үшін бізге цех ашу керек. Біз балаларымыздың таза ауамен демалғанын қалаймыз» деді.
2. 50 000 АҚШ долларды Павелмен бірдей қаржыны Ерлан Теміржанов есімді азамат қанжығасына байлады.
Жобаны таныстыруында: «Көпшілік аяқ киімді қалай таңдарын білмей жатады. Өзінің және жақындарының қамын ойлайтын жандар сатып алатын тауарының сапасына жете қарап, құны қымбатын таңдап, ақшасын үнемдей алмай қалады. Отандық өндірісте соңғы мезгілде жағдайы орташа бұқараға арнап, өнімдер шыға бастады. Отандық өнімнің қолжетімді болуы, отандастырымның сапалы өніммен қамтамасыз етілуі мені қатты алаңдатады. Мен теріден, табиғи материалдардан аяқ киімдер мен бұйымдар жасаймын. Қазіргі таңда өнімдердің басым көпшілігі қолдан жасалмайды, оны автоматты құрылғылар алмастырып жатыр, ал қоғамда адамдар жұмыссыз қалып жатыр. Соған орай, мен қолдан тері бұйымдарын жасау үшін жаныма мүмкіндігі шектеулі жандарды алуды жоспарлап отырмын. Менің басты мақсатым – отандық және қолдан жасалған өнімді кеңінен насихаттау» деді.
3. 20 000 АҚШ долларға Experimentarium (өндірістік дизайн) тобы ие болды. Стартап авторлары: Айнұр Кангужина, Асел Жабасова, Анастасия Гончарова.
Experimentarium тобы бастамаларын таныстыруда: «Бұл жобаның басты мақсаты – қазақстандық және орта азиялық өндірістерден шыққан өнімдерді насихаттап, мүмкіндіктерін арттыру. Ол аталған елдердің дизайнерлерімен бірлесе отырып, жүзеге асады. Бұл – тек үлкен жобаның кішкене бөлшегі ғана. Күнделікті тұрмыстағы заттардың өзінен біздің белгілерімізді көргіміз келеді. Сондықтан, біз өнімдерге патриоттық символдарды енгіземіз. Және сол заттарды өзіміз өндіріп, халыққа өзіміз насихаттаймыз. Ол үшін арнайы ғаламтордан experimentarium.org деп аталатын сайт ашылды. Қазақстандық 60-қа жуық дизайнерлермен байланыста болып, олардың туындыларын жобамен аттас дүкенде сатылымға шығарып отырамыз. Бүгінде дүкенге келушілерге «Бұл Қазақстанда жасалған» десек, көздерінен қуаныш оты сезіліп, таңқалып жатады. Тағы бір айта кетерлік жайт, біз еліміздің дизайнерлері мен кәсіпкерлерінің басты қосып, бір ортақ шығармашылық бірлестік құрғымыз келеді, және ол жоспарда бар. Аталған жобаның іске асып, өркендейтініне сенімдіміз»,-деді.
4. 20 000 АҚШ доллары спорттық құрылғыларды өндірумен айналысатын Cross Fit және Street Work Out компаниясына бұйырды. Стартап авторы: жас бизнесмен Асан Юсупов.
Жобасын таныстыруда: «Жаттығуға керекті құрал-жабдықтарды түгелдей дерлік сырттан импорттаймыз. Оның 80 пайызы Қытай және Тайвань елдеріне, ал қалғаны Ресей және Украина елдеріне тиесілі. Осы кемшіліктердің орнын толтыру мақсатында, екі жыл бұрын бойы спорттық құрылғыларды өндіретін жеке цех аштық. Әзірге таңда бұл цехта айына шамамен 1000-ға жуық белтемір (турник) жасап шығарамыз. Енді осыны тек сан жағынан ғана емес, түрлерін де көбейту – алға қойған мақсатымыз. Оның ішіне белтемірдің барлық түрлері, жүгіруге керекті жабдықтар, мүмкіндігі шектеулі жандарға және балаларға арналған спорттық құралдар кіреді. Сондай-ақ, біз өнімнің көлемін көбейту арқылы оны алыс-жақын елдерге экспорттап, Қазақстанның да сапалы өнім шығара алатынын дәлелдегіміз келеді» деді.
5. 20 000 АҚШ доллар «Нұр» академиясының өкілі Гүлжанар Еңкебаеваға бұйырды.
Жобасымен былай: «Егер, математика – бар ғылымның патшайымы десек, тәжірибе – оның серігі. Бұл қағида бізге мектеп қабырғасынан белгілі. Сондықтан, мектеп жасынан-ақ балаларға білімді теориялық және тәжірибелік тұрғыдан да бере білу керек. Заман талабына сай балалардың жаратылыстану бағытында тәжірибемен жұмыс істеуі олардың ойлау қабілеттерін арттырып, жаңадан зерттеу ашу мүмкіндіктерін тудырады. Жаһандану дәуірінде роботехнологияның маңызы зор, сол себепті роботехнологияны үйрететін орталықтың біздің келешегіміздің негізі болмақ. Бұл орталық оқушыларды жеке және кешенді бағытта оқытамыз. Осы бағытпен 6-10 жас аралығындағы балалар жас инженерлер сынды өсетін болады. Мысалы, күнделікті құбылыстарды физика заңы бойынша оларды өз қолдарымен тәжірибе жасап меңгере алады. Сонымен қатар, көп орынды сандармен есеп шығарып, оларды шешудің тиімді жолдарын іздеуді үйретеді. Бұның бәрін «Lego We Do» деп аталатын алғашқы роботтар арқылы жүзеге асырады. Алгоритмді, бағдарламалауды, дизайн, құрылғылардың құрастырылуын меңгеріп, қабілетті боп өседі. Инновациялық даму кезеңінде балаларға техника ғылымдарын тереңдетіп түсіндіріп, тәжірибе жасауды үйрету – орталықтың мақсаты. Бұл тек оқушылардың оқу үрдісінде ғана емес, күнделікті тұрмыста жүзеге асыра алатынына мүмкіндік тудырады. Сонымен қатар, бұл орталық ғарыштық, инженерлік,физикалық жобалар құруды көздейді. Бұл дегеніміз, оқушылардың өнертабыс, тың жаңалық ашуға серпіліс береді»,- деп таныстырды.
6. 20 000 АҚШ долларды экологиялық пакет шығаратын LifeBag компаниясы ұтып алды.
Жобаны таныстыруында: «Полиэтиленді пакетке үйреніп алғанымыз соншалықты – онсыз өмірімізді елестете алмаймыз. Сауда жасасақ та, қоқыс шығарсақ та ол – біздің көмекші серігіміз. Бірақ, осы көмекші серігіміздің пайдасынан зияны көп екенін білесіз бе? Бұл пакет түрі бір рет қана қолдануға арналғандықтан, қызметі аяқталған соң, қоқысқа тастаймыз. Ол желмен ұшып, өзен-көлдерге түседі, нәтижесінде, жылына мыңдаған су сүтқоректілері мен балықтар осы жаман пакеттің кесірінен құрбан болады. Ал дамыған әлем елдерде (40-тан астам мемлекетте) мұның зиянсыз балама түрін қолданады. Экологияны сақтауға үлес қосу үшін бізде 40 елдің қатарын толықтырып, экопакет өндіретін зауыт аштық. Онда спанбондтан экопакет өндіріеміз. Артықшылығы, ұзақ уақыт қызмет етеді, ыңғайлы, ең бастысы экологиялық жағынан зиянсыз. Яғни, ескірген заманда қалдықтарынан қайтадан жаңа пакет өндіруге болады. Біз осы пакеттермен елімізді қамтамасыз еткіміз келеді» деді.
7. 20 000 АҚШ долларды бүкіл донорлардың қанын бір орталыққа ұйымдастыруды мақсат тұтқан Donor Blood орталығы қанжығаға байлады.
Жобаны таныстыруында: Жобаның басты мақсаты – адам өмірін қорғау. Астанадан басқа Қазақстанның барлық өңірлері донорлық қанға зәру. Біз адамдарға өз еріктерімен қан тапсыруды насихаттап, сол донорлық қанды бір орталыққа жинағымыз келеді. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 1 донорлық қан 3 адамның өмірін сақтауға негіз болады екен. Осы орталық арқылы көмекке зәру жандарға қол ұшын созамыз. Мұндай орталықтар көптеген елдерде нәтижелі жұмыс жасап жатыр. Және ең негізгі бұл барлық адамдарға тегін болады. Ал ақшаны біз сайт ашып, жарнама арқылы және өз еркімен қаржы бөлген адамдардан жинаймыз» деді.
8. 20 000 АҚШ долларды балаларға арналған ойын орталығы Kids Lab иемденді.
Kids Lab жобасын ұсынушылар өз бастамаларын: «Ата-аналар үлкен сауда орталықтарын араласа, кинотеатрға кірсе немесе жеке шаруаларымен жүрсе, тығыз уақыт аралығында балаларын Kids Lab орталығына әкелсе, олардың жағдайлары үшін алаңдамайды. Балаларын 2-3 сағатқа әкеліп, өз істерін бітіріп, қайта алып кете алады. Бұл орталықта қауіпсіздікті арнайы бейнекамерамен бақылап, күніне екі рет тазалық жұмыстарын жүргіземіз. Қоғамға беретін пайда қандай десеңіз, біздің орталық студенттер үшін тиімді. Өйткені, біз жұмыс өтілін талап ететін кей мекемелер секілді арнайы білімді қажет етпейміз. Kids Lab-қа келген балаларға қандай қызметтер көрсетіледі? Бұл орталықта жеті тақырыптық бөлімдер бар. Олар: құммен ойнау, сабын көпіршіктерімен ойнау, батут, лабиринт, ойын залы және кіші жастағы балаларға арналған ойын залы, шеберхана. Біздің бір ғана орталығымыз бар. Халықтан сұраныс көп болғандықтан, тағы бір жерлерден Kids Lab-тың орталығын ашқымыз келеді», -деп таныстырды.
9. 20 000 АҚШ долларға және білім беру мобильді қосымшаларын шығарумен айналысатын Zero to One Labs стартап жобалары ие болды. Zero to one labs жобасының авторлары: Арман Сүлейменов, Алмас Тұяқбаев және Жансерік Кеңес.
Олар өз жобаларын таныстыруда: «Біз әлемдік нарыққа арналған үйрететін мобильді қосымшалар жасаймыз. Қазір ұсынған алты ұсынысымыздың екеуі AppStore жүйесіне енгізілген. BeingВeethoven.com жүйесі әлемдегі табысты адамдардың күнделікті іс-әрекетін көрсетіп отырады, Persimmom.com жүйесі 7 өмірлік қағида бойынша жетістікке жетуді үйретеді, Think ойлау қабілетін арттыратын ойындар жүйесі, Capital of Great Britaіn ағылшын, орыс, қытай, жапон тілдерінде еркін және анық сөйлеу үшін екпінді реттеп отырады, One Life Lesson a Day атты жүйе Қожанасырдың және т.б. ойшылдардың пәлсапалық кеңестерін ұсынады, Zenvestor бизнеске қадам басқан жандарға қаржы саласында ақпараттар беріп отырады. Бұл қосымшалардың жүктелу жіне қосылу жылдамдығы жоғары. Бұл жобалардың әрқайсын AppStore жүйесіне енгізу үшін біз төрт апта жұмсаймыз. Біздің мақсатымыз – әлемдік нарықта қазақстандық бағдарлмалық өнімдердің көбейту» деп сенім білдірді.
Жалғасы бар...
Сурет: massaget.kz