- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Ауылға кетіп бара...
Ауылға кетіп бара жатырсыз ба?
Көптен күткен жазғы демалыс та келіп жетті. Біріміз ауыл-аймақпен бір көрісіп қайтқалы жүрсек, біріміз еңбек демалысын шипайжаларда өткізуге ниеттеніп жүрген шығармыз.
Осы орайда пойыздардағы қауіпсіздік ережелері мен пайдалы деп тапқан бірер ақпаратты назарларыңызға ұсынамыз.
- Керекті заттарыңызды тыңғылықты, мұқият түрде жинастырып, қажетті құжаттарыңызды алған соң үйдегі электр құрылғыларын өшіріп, су құбыларының сөндірулі тұрғандығына көз жеткізуді ұмытпаңыз.
- Купеге кірген сәттен бастап жолауышалармен танысып, тіл табыса берген жақсы. Ұзақ жолды қысқартып, әңгіме дүкен құрылмаса төрт қабырғаға сыймасыңыз анық.
- Сөмкелеріңізді орындықтың астына салып, оларға көзіңіздің қиығын салып жүріңіз. Көпшілік жерде ұрылардың көп болатындығы белгілі.
- Темір жол транспорттары ең қауіпсіз көліктердің бірі болып есептеледі. Яғни, апаттардың орын алу ықтималдылығы өте төмен. Дегенмен әр адам кез келген жағдайға дайын болғаны дұрыс.
Пойыз кілт тоқтап, тежелгенде ең бастысы - орнықтылық. Сондықтан мүмкіндігінше жолсеріктен арнайы белбеу сұрап алып ұйықтаған жөн.
- Купедегі ең қауіпсіз орын - төменгі орындар.
- Вагонда өрт басталған жағдайда қолыңызға құжаттарыңыз бен ең маңызды нәрселеріңізді ғана алып, сыртқа шығу керек. Есіктің алды тығындалып жатса, әдетте 3, 6-купелерде орналасқан қосалқы шығу есіктерін пайдалануға болады.
Жолаушыларға арналған жалпы кеңестер:
1. Көршілермен, жолсеріктермен сыпайы қарым-қатынаста болыңыз. Қоғамдық көліктердегі жол жүру ережелерін сақтауға тырысыңыз.
2. Қажеттілік тумаса стоп-кранға жақындамаңыз.
3. Терезелерден басыңызды, қолыңызды шығарып ойнамаңыз.
4. Сыртқы есіктерді ашпаңыз.
5. Пойыз жүріп бара жатқанда есіктің алдында тұрмаңыз.
6. Аялдамаларда пойыздан қатты алыстап кетпеңіз.
7. Тұрған пойыздың астынан өтпеңіз. Ол ойда жоқта қозғалып кетуі мүмкін.
Темір жолды кесіп өткенде ерекше абай болыңыз:
– Жол бойымен келе жатқан пойыздың жоқтығына көз жеткізіңіз;
– Платформаға 2 метрден артық жақындамаңыз. Жүйіткіген пойыздың әсерінен пайда болған ауа құйыны өміріңізге қауіп төндіруі мүмкін.
– Вокзал аймағында түрлі сымдар көп болады. Оларды ұстамаңыз. Ылғал ауа-райында тіпті абай болыңыз.
Демалысыңыз сәтті өтсін!
Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан
tiktok парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!