Астана қаласында туристік қос қабатты автобустар жолға шықты. Қала тұрғындары алғаш рет экскурсиялық автобустарға мініп, Астананың сәнді көшелерін тамашалауға мүмкіндік алды. Бұл туралы 24.kz сайты хабарлап отыр.
Туристік бизнесті дамыту мақсатында «Astana Bus tours» жобасын Қазақстан ішкі туризмін дамыту қауымдастығы, Астана қаласы әкімдігі мен Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі бірлесіп жүзеге асырып отыр. «Шанхай» зауытынан шығатын экскурсиялық автобустардың саны әзірге екеу ғана. Болашақта тағы 2-3 автобус сатып алуды жоспарлауда. Бұл туралы «Менің елім» Қазақстан ішкі туризмін дамыту қауымдастығының президенті Гаухар Жеңісбек мәлімдеген.
Астанада жолға шыққан қос қабатты автобустар Лондон автобустары секілді «Hop on-Hop off» жүйесімен жұмыс істейтін көрінеді. Яғни, жолаушылардың кез келген жерден мініп-түсуіне кедергі болмайды. Сатып алған билетіңіз тәулік бойына жарамдылығын сақтайды. Билет бағасы ересектер үшін 2400 теңге болса, студенттер мен зейнеткерлер және соғыс ардагерлеріне – 1700 теңге, 10 жасқа дейінгі балаларға – 1200 теңге, ал 5 жасқа дейінгі балалар тегін жүреді. Билеттерді вокзалдан, «Меломан» сауда желілерінен және басқа да билет сататын сауда нүктелерінен алуға болады. Экскурсиялық қос қабатты екі автобустың жүру бағыты «Бәйтерек» монументінен басталып, оң жағалаудағы Тұңғыш Президент мұражайына дейін барады екен. Автобустың бірінші қабатына – 18 адам, екінші қабатына – 48 адамға арналған орындары бар.
Аталған көлікті жүргізетін жүргізушілер мен экскурсия жетекшісі міндетті түрде ағылшын тілі мен еліміздің тарихын білуі керек деген талап қойып отыр. Бұл талап шетелдік қонақтарға Қазақстан жайлы сауатты мағлұмат беруден туындаған.
writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/JbboVLQsszY","width":"450","height":"300"});
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Cурет: tengrinews.kz