Үстіміздегі жылдың 5 сәуірінен 5 мамырына дейін елорданың «Хас Санат» галереясында жас суретшілерді қолдау үшін арнайы ұйымдастырылған тұңғыш рет көктемгі арт-салон өтеді. Бұл туралы Астана қаласы әкімшілігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бірінші көктемгі арт-салонның шығармашылық тапсырмасының атауы - «Шаңырақ». Жас суретшілер өз туындыларында «Шаңырақ» ұғымының қазақ мәдениетіндегі маңызын толық ашып көрсетуі қажет.
"Көрмеге ұсынылған туындылар түрлі пішінде, сан қырлы стильде орындалады. Олар: біздің мәдени кеңестігімізге қатысты дәстүрлі бейнелеу өнері немесе графика, сондай-ақ, бейне-арт инсталляция, тағы басқалар болуы мүмкін. Шаңырақ көктемгі арт-салонына қатысу үшін Қазақстанның барлық аймағынан және Қызғызстан мен Өзбекстаннан 40-тан астам өтініш түсті. Экспозицияда Алматы, Астана, Қарағанды қалалары мен Қырғызстанның 24 шеберінің 23 жұмысы ұсынылды. Арт-салонға енбеген туындылар көруге тілек білдірушілер үшін «Хас Санат» галереясы сайтына орналастырылады", - делінген таратылған ақпаратта.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, көктемгі арт-салон - бұл өз кезегінде жаңа жұмыс үлгісін қалыптастырудағы тәжірибе іспетті. Алдағы уақытта оны тұрақты өткізіп тұру жоспарлануда.
Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан
сурет: www.tumblr.com