Астанада мұражай қызметкерлері бас қосты

Астанада мұражай қызметкерлері бас қосты

Қазіргі мұражайлар адамды әлеуметтік-мәдени шығармашылықтың түрлі нысандарына тарта отырып, олардың бойында адамгершілік сезімін тәрбиелеуде үлкен рөл атқарады. Жуырда осындай мақсатты көздеп, Астана қаласында 1-4 қараша күндері  ТМД елдері арасындағы жетекші мұражай қызметкерлерінің «Мұражайды басқару: саясатты өңдеу мен тәжірибелік реттеу» атты ЮНЕСКО/МӨМ аумақтық тақырыптық тренингі және сараптамалық кездесуі өтті.

Тренинг ЮНЕСКО және Мемлекетаралық гуманитарлық ынтымақтастық қорының  бірлесе отырып жасаған жобасының негізінде өткізілді.

Кездесу барысында мынадай сұрақтар қаралды: ТМД елдеріндегі мұражай қызметінің нормативті-құқықтық және экономикалық қамтамасыз етілуін жетілдіру, жас мамандарды дайындаудың болашағы және оның өзекті мәселелері, мұражай қызметін ғылыми жобалаудың өзекті мәселелер, мұражайлардың оқу орындарымен, билік органдарымен және өзара тәжірибе алмасуы, материалдық және рухани мәдениетті сақтаудағы мұражай рөлі: мәселелері және келешегі, инновациялық технологияларды енгізу, XXI ғасыр мұражайы, жас ұрпақтың білімін жетілдіру және тұрғындардың эстетикалық тәрбиесіне көңіл бөлу, халықаралық және аумақтық кәсіби қарым-қатынасты дамыту.

Іс-шара Мәскеудегі ЮНЕСКО Бюросы, «Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешенінің директоры У.Д. Мұңалбаева (Алматы және Ташкент ЮНЕСКО Бюроларымен бірлесе отырып), сондай-ақ ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Астана қаласының мәдениет басқармасы және Музейлер Асоцияциясының тікелей атсалысуымен өткізілді. Аумақтық тренинг бағдарламасына мұражайды басқару мен мұражай педагогикасы салаларының жетекші мамандары, сондай-ақ Әзірбайжаннан (Ахундова А.), Армениядан (Чархчян А.), Беларусиядан (Сташевич А.Б, Лаптенок И.), Қырғызстаннан (Тургунбаев А.), Молдова Республикасынан (Левинский А.), Ресей Федерациясынан (Андреева Г.Б., Селезнева Е.Л., Ветрова Н., Гнедовский А) Тәжікстаннан (Джобиров З.), Өзбекстаннан (Даминов Ш.) және Украинадан (Дейнега М.) қатысты.

Тренинг барысында нақты әдістеме бойынша тәжірибе алмасу жүрді. Өтілетін уақыт аралығында мұражай қызметкерлері белсенді іске жұмылдырылады. Бағдарлама бойынша  Ресей, Белорусия, Украина мамандарының дәрістері оқылып, презентациялары көрсетілді. Аталған шараға еліміздің мұражай ісі мамандары да қатысты. Жоспарға сәйкес, олардың тәжірибе аламасуы, мәдениет саласындағы озық технологиялардың үлгілерімен танысуы, өз көзқарастарын ашық айтып, пікір алмасуы үшін мүмкіндіктер қарастырылған. Іс-шара болашақта интерактивті және бос уақытқа арналған бағдарламалардың нақты алгоритмін жасауға негіз болады.

Тренинг барысында жүргізілген сауалнама қорытынды жасауға, жетістіктерді түйіндеуге және болашаққа тиімді жоспар жасауға мүмкіндік беретіні сөзсіз.

Үш күн аралығында өткен тренинг барысында қонақтар тек дәріс, баяндама оқып қана қоймай, Астананың көрікті жерлері мен мәдени мекемелерін аралады. Сарыарқаның сары беліне, Астанаға, тұңғыш келіп отырған ТМД елдерінің өкілдері елордаға жоғары бағасын беріп, өз алғыстары мен қуаныштарын жасыра алмады. Сондай-ақ көрші ел қонақтары Бейбітшілік және келісім сарайы, Тәуелсіздік сарайы, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің мұражайы және Ақмола облысына қарасты Целиноград ауданының орталығы Ақмол ауылында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей атсалысуымен ашылған «АЛЖИР» саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандары мұражай-мемориалдық кешенінде болды.

Жолдаған: Жұлдыз Аятқызы

«Атамекен» Қазақстан Картасы» МКҚК ғылыми қызметкері

Сурет: profinance.kz, Жұлдыз Аятқызы 

Р. Роза