- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Астанада картиналар көрмесі...
Астанада картиналар көрмесі ашылды
Елордалық Қазіргі заман өнері мұражайында "Аяз және күн, керемет күн!" тақырыптық картиналар көрмесі жұмысын бастады. Бұл туралы Massaget.kz тілшісі Астана қаласы әкімшілігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлады.
"Экспозицияға 1957 мен 2011 жылдар аралығында Қазақстан, Беларусь және Ресей суретшілері салған 19 полотно қойылды", - делінген хабарламада.
"Қазақстандық" жиынтықтан белгілі қылқалам шеберлері Владимир Эйферттің ("Боран") және Жаңатай Шарденовтың ("Алматы қайыңдары") туындыларын көруге болады.
Сонымен қатар, көрмеге келушілерге Ақмоланың байырғы суретшісі Михаил Гейдтың "Тың игерушілер" (1977 жылы салынған) және Целиноград Суретшілер одағы бөлімшесінің белді мүшелері: Виктор Холуевтың ("Алғашқы қар. Целиноград"), Алексей Тереховтың ("Бораннан соң"), Иван Свитичтың ("Шет жақ", "Қырау", "Натюрморт. Алғашқы қар"), ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Марат Тоқсайытовтың ("Күн батарда") картиналары ұсынылған.
Көрмені "ЭКСПО - Нью-Йорк - 2011" халықаралық арт-байқауының лауреаты Төлеуғазы Байғалиевтың "Астана" ("Фонари-1"), танымал павлодарлық суретші Евгений Фридлиннің "Ай туды" ("Түн"), алматылық суретші Жамбыл Натбаевтың ("Қыс") полотносы және жас суретші Анар Әбжанованың ("Көңілсіз пейзаж") картиналары толықтырады.
"Аяз және күн, керемет күн!" тақырыптық картиналар көрмесі мұражайда 3 наурызға дейін жұмыс істейді.
Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан
сурет: newskaz.ru