Жапонияның Қазақстандағы Елшілігінің қолдауымен «Дегдар» гуманитарлық қоры Астана қаласында «Жапон көктемі» өнері фестивалін өткізіп жатыр. Бұл туралы Астана қаласы әкімшілігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Іс-шара аясында Қазақстан қалаларына Жапонияның әртістері келіп, өнерлерін көрсетіп, көрме мен шеберлік-дәрістерін өткізуде.
"Қазір Астанада кезекті фестивальге дайындық жұмыстары қызу жүруде. 10 сәуірде алғашқы концерт Мюзик Холлда өтеді. Елорда тұрғындарын Жапонияның әйгілі джаз-триосы қуанышқа бөлемек. Фестивальдің екінші концерті 11 сәуірде ҚазҰӨУ Орган залында қойылады. Онда классикалық өнердің отандық хас шеберлері Сүндет Байғожин, Тимур Урманчеев, Ермек Құрманаев, Медет Чотабаев және басқалар сахна сәнін келтірмек", - делінген таратылған ақпаратта.
Сондай-ақ, дәстүр бойынша фестиваль қатысушылары Астананың музыкалық оқу орындарының студенттерімен кездесулер өткізеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестиваль концертіне кіру тегін. Бұл барлық музыкасүйер қауымға, бірінші кезекте, жас музыканттарға сыйлық көрінеді.
Естеріңізге сала кетелік, Массагет бұған дейін Алматы қаласындағы Оқушылар сарайында 31 наурыз күні Жапонияның мәдениет күндері өткендігін айтқан болатын.
Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан
сурет: oformi.net