Астанада «Бұрқасын-2013» шаңғы фестивалі өтті

Астанада «Бұрқасын-2013» шаңғы фестивалі өтті

Өткен жексенбі күні Есіл өзенінде дәстүрлі "Бұрқасын-2013" шаңғы фестивалі өтті. 2000 жылдан бері үзбей өткізіліп келе жатқан спорттық іс-шараға 2500 салауатты өмір салтын ұстанушы қала тұрғыны қатысты. Бұл туралы Massaget.kz тілшісі Астана қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлады.

Осы орайда Астана қаласы Туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасы Спорт бөлімінің бастығы Саина Теміржанқызы:

"Сайыс ересектер мен балалар, еңбек ұжымы, әскери құрылымдар санаттарына бөліп өткізілді. Сонымен бірге, фестиваль аясында хоккейден, шағын футболдан, мұз жарып балық аулаудан және ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтті", - деп сұхбат берді.

Қатысушылардың бірі Ұлболсын Шүкенова биыл сайысқа екінші рет келіп отыр екен. Өткен жылы ол үшінші орынды иеленіпті.

Ал жарыстың тағы бір қатысушысысы Егор Ельчинский:

"Біз бүгін жолдастарымызбен бір команда болып, хоккей ойнау үшін жиналдық. Бірнеше гол соғамыз деп үміттенемін. Бас жүлдені жеңіп алуымыз да ғажап емес", - деді.

Сайыс нәтижесі бойынша, шаңғы жарысынан Гүлжан Мұстафина, Андрей Герасименко, Светлана Иманғажина, Руслан Қожаев, Александр Щекотихин, Камилла Баранник, Регина Мулахметова, Айғаным Жұмағұлова, Владимир Червонный, Асанәлі Боситек, Нұрсәуле Кемалова, Адина Шуляк, Всеволод Герасименко және Василий Кучин жеңімпаз атанды.

Шаңғы сайысынан бөлек, арқан тартыстан сайыс ұйымдастырылды. Бұл сында республикалық гвардия өкілдері қарсылас шақ келтірмеді. Қол күрестен Рауан Қожанов пен Абзал Кәрібаев, кір тасын көтеруден Ғалымжан Асанов пен Роман Гирнык үздік шықты.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: turslet.com

Massaget