- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Астана күні қарсаңында...
Астана күні қарсаңында ант қабылдады
Еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету-әрбір Отан қорғаушысының қасиетті борышы. Батыр бабаларымыз ерден түспей ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен туған жерін, ұлттарақтай жер жауға бермейміз деп қасық қаны қалғанша жаудан қорғап өткен. Бүгінде қазақ елі - Тәуелсіз.
Өзге жұртпен тересезі тең, жері кең қарқынды дамып келе жатқан мемлекет. Сол мемлекетіміздің тыныштығын бұл күндері Қарулы күштер, сондай-ақ, Ұлттық ұлан сардарлары мен сарбаздары қорғайды. Бесінші шілде күні Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасщылығына қарасты 5571 әскери бөліміне әскери борышын өтеуге келген төрт жүзден астам сарбаз әскери ант қабылдады. Қазақстанның түкпір түкпірінен жиылған сарбаздардың ата-ана, ағайын-туыстары келіп, ант қабылдап жатқан ұлдарын көріп көзайым болды.
Жиын басында сөз алған 5571 әскери бөлімінің командирі Нұрлан Мұхамедов: «Жас сарбаздар, сіздер бүгін ел алдында әскери ант қабылдап, Отан қорғаушысының қатарына қосылғалы тұрсыңдар. Осы уақыттан бастап сіздерге жүктелген міндет те зор болмақ. Өйткені, әскери ант-әскери өмірдің өзгермейтін заңы. Онда отанды қорғаудың, соның ішінде халыққа және заңды сайланған Президентке адал қызмет етудің айқын белгілері жасалған. Әскери өмір қаншалықты қиын болғанымен, жарғы белгіленген талаптарды орындау-парыз және қасиетті міндет. Сіздердің міндеттеріңіз - өздеріңізге жүктелген тапсырмаларды жауапкершілікпен орындау. Туған жерімізге тер төгіп, антқа адал болу» деп жас сарбаздардың намысын қайрап, жігерін жаныды.
Өз кезегінде Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстар жөніндеі орынбасары палковник Нұрбай Бектұрсынов, 5571 әскери бөлімінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Виктор Серафимов сөз алып сарбаздардың қызметіне толайым табыстар тіледі. Әскери ант қабылдаған бұл сарбаздар аздаған күннен соң Алматы қаласының көшелерінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті күзету бойынша жауынгерлік қызметке кіріспек. Ұлттық ұланның Талдықорған қаласында орналасқан 5514 әскери бөлімінің жас жауынгерлері де дәл осы күні әскери ант қабылдап, Отан алдындағы борыштарын абыроймен атқаруға серт берді.
Ринат Ақылбеков
Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы
баспасөз қызметінің бастығы
А. Құлтай