- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Астана Интернет форумы...
Астана Интернет форумы өз жұмысын бастады
Астанада алғашқы республикалық интернет форумы басталды, деп хабарлайды Массагет.кз тілшісі. Интернет форумының басты мақсаты қазақ тілінде контент жасаушылардың өзара тәжірибе алмасуы.
Форумда Мұрат Әбенов, Ерлан Қарин, Есенгүл Кәпқызы сияқты белді тұлғалар мен белсенді блогшылар, сайт иелері, IT мамандары бас қосып отыр. Бүгін түске дейін спикерлер сөйлесе, түстен кейін форумға қатысушылар өз жобаларын ұсынатын болады. Қатысушылар туиттер әлеуметтік желісі арқылы белсенді түрде #aif2012, #aif12 хештегтерімен тікелей туит-репортаж жүргізуде.
Талқыға түсіп жатқан тақырыптар:
- Ақпараттық қауіпсіздік;
- Бұлтты технологиялар;
- Білім саласындағы интернет;
- Ғаламтордағы аудармашы сайттар;
- Қазақ тілді жобалар және интернет маркетинг.
Осы орайда, MediaNet Халықаралық журналистика орталығының жоба үйлестірушісі, блогшы Дінмұхамед Зиядин форум туралы былай дейді: "Астана Интернет форумы қазақтілді сегменттің дамуын анық көрсетіп отыр. Оны спикерлер тақырыбы, аудитория деңгейі арқылы анық көруге болады. Форум кәсіби тұрғыда өсуге, сайтты дамыту бойынша кеңестер алуға көмектеседі деп ойлаймын".
Форумның негізгі үйлестірушісі Талғат Байназаров туиттердегі парақшасына "Форумға 163 адам тіркелді" деп жазды.
Шара екі күнге созылады.
Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова
Сурет: Астана Интернет форумының баспасөз қызметі
Р. Роза