2015 жылы Астанаға 14 мыңнан астам адам көшіп келген. Бұл туралы бүгін #Talks2050 форумында «Қазақстан-2050» жалпы ұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы Данат Жұмин айтты, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
«Астана қаласы әкімдігі берген ақпаратқа сүйенсек, қала тұрғындарының саны шын мәнінде 1 млн-нан асқан. Яғни, ресми түрде айтылып жүрген 800 мың халықпен бірге 300-400 мың адам қалада тіркеусіз тұрып жатыр. Осы жылдың қаңтар-мамыр айларында елордаға 14 320 адам көшіп келген»,-деді Д.Жұмин.
Осы 14 320 адамның 17 пайызы Ақмола облысынан, 15 пайызы Оңтүстік Қазақстан облысынан көшіп келген. Алматы, Қарағанды қалаларынан да қоныс аударғандар бар.
«Қала азаматтарының 80 пайызға жуығы оң жағалауда, яғни, Алматы, Сарыарқа аудандарында тұрады. Ал 15-20 пайыз халық Есіл ауданында тіркелген. Орташа есеппен, жыл сайын Астанаға 20-40 мың адам келіп-кетеді»,-дейді Д.Жұмин.
Естеріңізге сала кетейік, ресми дерек бойынша Астана халқының саны 860 368 адамды құрайды.
Ақпарат көзі: BNews.kz