Атырауда экология саласы бұрыннан өзекті мәселе. Ел президенті Қ. Тоқаев Атырауға сапарында оны бірінші көкейкесті сұрақ деп бекіткен. Өңірдегі қордаланған мәселелер жиі отандық БАҚ беттерінде жазылып келеді. Ауаға тараған 40-тан астам химиялық ластағыштар - Атырау халқының сан жылдан бері айтып келе жатқан проблемасы. Ауа сапасы нашарлауына байланысты Атырауда туберкулез, онкологиялық аурулар проблемасы өткір болып отыр.
28 наурызда атыраулықтар тағы да таң атысымен сасыған иіске шағымдана бастаған. Бұған дейін академик Муфтах Диаров та "Атырау халқы бір түнде оянбай қалуы мүмкін" екенін айтып, дабыл қаққан болатын. Бірақ құзырлы органдар ауаны ластап жатқан компанияларға айыппұл салғаннан әрі аса алмай отыр.
Осы орайда Massaget.kz тілшісі Атырау обылысының мәслихат депутаты, экология саласының үздігі Арман Хайруллинмен тілдесті.
Жел қай жақтан соны иіскейміз
Атырау облысы Қазақстанның мұнай астанасы. Өйткені бұл жерде 130-дан астам бірінші санаттағы мекемелер бар. Олардың барлығы қоршаған ортаға зиян тигізеді. Оның ішінде Атырау мұнай өңдеу зауыты, НКОК компаниясына тиесілі "Болашақ" зауыты,"Ембімұнайгаз" компаниясы, Каспий құбыр консорциумы, Атырау мұнай құбыры басқармасы т.б бар. Одан бөлек оңтүстік шығыста "Тухлая Балка", солтүстік батысқа қарай "Квадрат" булану алаңдары жатыр. Біз алғаш рет құрылғысын алып, оның иісін өлшеп, дәлелдегенбіз. Соңғысының басында елді мекендерге белгіленген күкіртсутектің ШРК-дан асу көлемі 200 есеге дейін жоғарылағанын тексеріс кезінде өз көзімізбен көрдік. Жел бағытының ауысуына орай әлгі нысандар қалаға жағымсыз әсер тарату бойынша кезекшілікке шығады. Яғни жел қай жақтан соны иіскейміз. Бұған қоса ұйымдастырылмаған көздер ретінде әр жерде жиі-жиі қарқын алып тұратын қамыс өрті мен қалалық полигонның үздіксіз бықсығын қосыңыз. Ластағыштардың ішінде жиі тіркелетіні күкіртсутегі. Бұл химиялық элемент органиканың шіруі кезінде, атап айтқанда құрамында күкірті бар аминқышқылдары ақуыздары ыдырау кезінде түзіледі және ол біздің мұнай құрамында да көп көлемде бар.
Жыл сайын, әсіресе жылдың жылы мезгілдерінде маусымдық ластанулар қайталанады. Өйткені булану алаңдарында күн жылыған сайын анаэробты микроорганизмдер қарқынды дами бастайды, патогенді флора қозады. Осыдан 3-4 күн бұрын жел оңтүстіктен болды. Сол кезде Атырау мұнай өңдеу зауыты мен "Сасық сай" аталған оңтүстік булану алаңының әсері күшейді. Ал соңғы екі күн жел солтүстікке ауысып халық аузында "Шаршы" аталып кеткен булану алаңы халықты өз иіс тұтқынында ұстап отыр. Иістер әсіресе таңға қарай молаяды. Себебі температуралық инфверсияның әсерінен тропосфераның төменгі қабаттары суық болып буланып ұшқан массалардың жоғарғы қабаттармен араласуына кедергі туғызады. Оның үстіне қолайсыз метеорологиялық жағдай яғни штиль не желдің селетибты бағытта баяу қозғалуы жер бетіне жақын атмосфералық ауасындағы концентрацияны арттыра түседі.
ҚазМұнайГаз халықтан ақшаны аяп отыр ма?
Муниципалы бар, бизнесы бар өз сарқынды суларын сол жағалауы "Сасық сай" атаулы оңтүстік булану алаңына төгеді ғой. Ал Атырау мұнай өңдеу зауытында бұған қоса, бүкіл қалдықты жинаған амбар қойма бар. Оның көзін құртпай, жуырда іске қосылған механикалық тазалау станциясымен қатар биологиялық тазарту стансасын соңғы үлгіде реконструкцияламай мұнай-мазут иістері танауымызды күндегі қонағы болмақ. ҚазМұнайГаз компаниясы "2024 жылға қарай биологиялық, механикалық тазалау қондырғысын салып, суды толық тазартып қайта айналымға қосамыз деп жоспарлаған еді. Оған кететін 80 миллион еуро ақшаны Еуропалық даму банкінен аламыз" деп жарияға жар салды. Менің санауым бойынша, 30-40 миллион еуродай ақша жұмсалды. Қалғаны қайда кетті, түсініксіз. Қалтаға басылды ма, немесе бұл компания халықтан ақшаны аяп отыр ма? "ҚазМұнайГаз" Румыниядағы зауытқа 4 млрдқа жуық доллар жұмсады деген ақпарат бар, оны қытай компаниясына 4 есе арзанға сатып жіберді. Міне, көрдіңіз бе, ҚазМұнайГаз шетелге жомар та, өзімізге келгенде сараң боп қалады. Жалпы, кез келген экологиялық жобадан пайда келмейді ғой. Бірақ конституцияның 31 бабында: "Адам өмірі мен денсаулығы бәрінен қымбат" екені жазылған. Ол пайда мен ақшадан да жоғары. Ал, алдыңкүні ол жаққа барған кезде басымыз айналып құлап қала жаздадық, бір күн бойы мең-зең күйде жүрдік.
Атырау мұнай өңдеу зауытының көп құрылғылары ескірген. Зауыттың өзі екінші дүниежүзілік соғыс кезінде көшіріліп әкелінген ғой. 2016-17 жылдары тұрғындардың наразылығына қарамастан кеңейтілді. Қосымша қондырғылар салынды, арроматика шығару іске қосылды. Сол кезде қоршаған ортаға зияны да артты. Ол қондырғыларда толуол, параксилол сияқты ұшқыш органикалық заттар болады. Енді күкірт пен мұнай-мазуттан бөлек ауада парфюмнің, медикаменттердің исін сезе бастадық.
Мұнайдың пайдасы, одан түсетін салық елге кетіп отыр
Оңтүстік және солтүстік Кәріз суларын тазарту стансаларын жаңғыртып іске қосу, жаңадан салу жүріп жатыр. Булану алаңдарына быиыл және келесі жылы рекультивация жұмыстары жүргізіліп бітеді деген жоспар бар. Бұл 30 жыл бойы жүргізілмеген жұмыстар.
Қорыта айтсам экологиялық жобаларға келгенде мемлекет тарапынан да, ірі бизнестен де ақша аяу тенденциясы болды. Осы көзқарасты қайта қарау керек. Себебі ол өмір мен өлім сұрағына айналып барады.
Әлі күнге дейін экологиялық айыппұлдар орталыққа жіберіледі. Аты айтып тұрғандай экологиялық айыпұл болғасын қаржы өңірде қалуы керек деп есептеймін. Ол ақшаға экологиялық залалдың орнын толтыру керек. Көгал егу, суару жүйелерін тартуға, баптауға да ақша қажет қой. Бізде кәріз жүйесі жетіспеушілігінен жерасты сулары көтеріліп кілкіп тұр. Сәл себелеген жауын болса, жердің бетіне шығады. Мұнай бар жерде сорлы, сазды болады.
Басқа өңірлерге қарағанда кез келген агротехникамен инженерлік жобаларды жүзеге асыру әлде қайда қымбатқа шығады. Сондықтан облыстың өз бюджеттін орталыққа алып кетуді тоқтату қажет. Соның кесірінен көп жылдар бойы облыстың даму бюджеті қысқарып, жан бағу бюджетін місе тұтып келеміз. Біздің өңірді ең бай дейді. Шын мәнінде олай емес. Мұнайдың пайдасы, одан түсетін салық елге кетіп отыр.
Атырауда кейінгі 10 жылда туа бітті аурулар 4 есеге көбейген
Статистиканы қарасаңыз, Атырауда кейінгі 10 жылда туа бітті аурулар 4 есеге көбейген. Генетикалық ауытқушылықтар бар. Одан сәбилер хромосомалық өзгерулермен туады. Тыныс жолдары аурулары Республикамен салыстырғанда бізде 20-30 пайызға артқан. Неліктен? Ауа мен судың сапасы қатты нашарлағаннан.
Енді соның кесірінен халық зар жылап отыр
Енді халық шулап жатқан экологиялық зардапты бірден шешуге болмайды. Себебі, ескі Қазақстан кезінде жасыратыны жоқ, ақша шетелге кетіп, бармақ басты, көз қыстымен қалтаға басылып, 30 жылда жасалуы керек осы проблемалардың алдын алатын жобалар жасалмай қалған. Енді соның кесірінен халық зар жылап отыр.
Атырау халқы бір күнде оянбай қалуы мүмкін
Бұл бір бізге қатысты айтылған сөз ғой. Өте дұрыс айтылған. Атырау мұнай өңдеу зауыты Атыраудың аумағында тұр. Бірнеше жылда бірнеше рет ірі апат болды. Оны кеңейтуге кім рұхсат бергенін білмеймін. Астанада отырған адамдар өңірлерге қарамай шешім қабылдай береді. Өйткені олардың балалары бұл жақта тұрмайды. Елге мұнай керек дейміз. Бірақ та оның салдарынан туатын экологияның орнын толтыратын жобаларға ақша салмағандықтан ел ертең одан үлкен материалдық шығынға ұшырауы мүмкін. Атырауда 10 пайыз халық басқа аймаққа көшіп кеткен сияқты. "Мен-мен" деген қалталы, білімі бар жас азаматтар Астана мен Алматыға кетті. Атыраудың шетіндегі үйлер сатылымға шығарылған. Жағалаудағы үлкен коттедждерде ешкім тұрмайды. 450 мың халық қалада, 700 мыңға жуық халық облыста тұрады. Бұлардың барлығы потенциалды экологиялық босқындар. Ертең бұлар жан-жақа кететін болса жұмыссыздық сияқты үлкен әлеуметтік қақтығыстарға келуі мүмкін. Соны ойлап отырған ешкім жоқ. Тек мұнай өндіріп жатырмыз. Мыңдаған тонна күкірт ұшып Каспийде де балық азайып кетті. Барымыздан айрылып жатырмыз ба деп қорқамын.
30 жыл бойы сол ескі Қазақстан, енді жаңаратын шығар деген үміттеміз
Басқа өңірілерден қарағанда Атырауда көгал отырғызу 5 есе қиын және 5 есе қымбат. Мысалы, оңтүстікте терек 2 жылда 3 метр өсетін болса, бізде ол 5 жылда 2 метр өседі. Күннің радиациясы, жердің тұздылығы, топырақ тығыздығы т.б бар. Сондықтан Алматыда бөлінген ақшамен Атырауға бөлінген ақша екі түрлі болуы керек. Содан кейін тағы бір айта кететін нәрсе, жаңа айтып өткеніміздей бірінші немесе екінші категориялық мекемелер заң бойынша 40 пайыздан 60 пайызға дейін өз аумағын көгалдандыруы қажет. Олардың ешқайсысы өз міндетін орындап отырған жоқ. Неге? Баяғы сол бармақ басты, көз қысты. Астанаға барады, мәселесін шешеді. Енді жаңаратын шығар деген үміттеміз.
Бірінші талабым, экологиялық айыппұлдарды өзімізде қалдырсын. Екіншіден, экологиялық жобаларға ақша аямасын. Үшіншіден, бюджетіміз өзімізде қалсын.