Танымал археолог Андрей Астафьев Каспий теңізінде 200 жылдан астам уақыт бұрын болған кеменің бұрандалары мен шегелерін тапты. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ескі кеменің қалдықтары Түлкілі сай елді мекеніндегі Түрқараған ауданында теңіз түбінде бұғып жатқан.
Археологтың мәліметінше, кеме ХVIII ғасырдың аяғында Каспий теңізінде қираған. Кеменің ағаш бөлшектері су бетінде қалқып, уақыт өте келе жойылған болса, темір жабдықтары су түбіне шөккен. Жылдар өткен соң, су деңгейі өзгеруіне байланысты бұл жәдігер құрғақ жағалауда қалып қойған.
Андрей Астафьев бұл олжаны Әбіш Кекілбаев атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорына тапсырды.
Бұл археологтың музейге тарту еткен жалғыз жәдігері емес. Қарақабақ қаласында өткен археологиялық қазба жұмыстары кезінде ол үңгірден арқан мен ілмек тауып алған. Бұл суға кеткен сол кеменің жабдықтары болар деген болжам бар. Кеме бірнеше ғасыр бұрын салынғанына қарамастан, бұл бөлшектер құрғақта қалып қойғандықтан жақсы сақталған.