- Негізгі бет
- Қазақстаным
- «Арғымақ» журналы оқырманға...
«Арғымақ» журналы оқырманға жол тартты
Тұлпар туралы сөз қозғап, сәйгүлік сырын ашатын «Арғымақ» атты журнал оқырманға жол тартты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Журналдың негізгі бағыты ұлттық ат спорты және жылқы шаруашылығы жайлы болмақ. Қазақ еліндегі осы салада істеліп жатқан жұмыстарды саралап, атқарылмай отырған мәселелерді зерделеп отыру – журналдың басты мақсаты. Журнал әлемдегі жылқы индустриясы, жылқы терапиясы, жылқы туризмі сияқты жылқы саласындағы бірнеше адам баласына пайдасы зор игі істі насихаттап, қазақ топырағында дамуына ықпал жасауды да көзде ұстайды.
Қазақтың атбегілік өнері, атсайыс, көкпар, бәйге сынды ұлттық спорт ойындарын жеріне жете жазуды да өздеріне міндет деп санайды екен журнал ұжымы.
Журналдың осыған дейін бірнеше саны жарық көріп, 3000 таралыммен оқырманға жетіп үлгерген.
Журналдың бас редакторы Бағдат Мұхтарұлы 2015 жылы журнал таралымын 5 мыңға дейін жеткізуді жоспарлап отырғандарын айтты.
Журналдың тұсаукесер рәсімі «Ұлттық құндылықтар – әлем назарында» атты конференция аясында өтті.
Аталған конференцияда «Ұлас-Электрон» ЖШС-ның «Электронды қазақ үй» жобасының қорытынды есеп беруі болды.
Конференцияда белгілі өнер қайраткерлері Ардақ Исатай, Айгүл Қосанова, Рамазан Стамғазиев, күйші Мұрат Әбуғазы сынды өнер қайраткерлері құттықтау тілек айтты.
Сурет: Massaget.kz