Түркия астанасында қазақ жастарының ұйымдастыруымен думанды кеш өтті. Жастар саябағында өткен шараға Анкара қаласында оқып жатқан қазақ жастары түгелдей жиналды.
Шараның әлқиссасы еліміздің әнұранымен ашылды. Алдымен асық ұстаған азаматтар ауылда өткен балалық шағын еске алып, «Асық патиде» мергендігін сынап көрді. Артынша «Домбыра патиға» кезек берген жастар, домбырадан күй төгіп, әуелете ән шырқады. Қазақтың қара домбырасының үні саябақта серуендеп жүрген жергілікті тұрғындардың да назарын аударды. Жастардың өнерін тамашалаған түрік ағайындары таңданысын білдіріп, ризашылығын жеткізді.
Жастар арасыннан Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінен академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша келген Мұсаев Жанғалидың өнері көпшілікті тәнті етті. Жанғали Қадыр Мырза Әлидің «Қазақ осы» әнінен бастап, халық әндерінің біразын әуелете шырқады.
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Филология, әдебиеттану және әлем тілдер факультетінен академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша келген бір топ студенттер де белсенділік танытып, кеш көркін қыздыра түсті. Домбыра үні асқақтаған кешке гитара сазы қосылып, кеш қызығы арта түсті.
Бұл кешке кеше ғана әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дан Гази университетіне оқу тәжірибесі бойынша ат басын тіреген Археология-Этнология мамандығының магистрлерлері де қатысқан болатын. Магистрлер арасынан белгілі журналист Жарқын Сәленұлы «Ана аманаты» атты өлеңін оқып, жырдан шашу шашты. Кеш барысында Жарқын Сәленұлы өзі редакторлық ететін қазақстандағы бірегей жоба - «Электронды қазақ үй» өнімін таныстырып өтті. Кеш соңы қазақтың ұлттық биі «Қара жорғаға» ұласып, өз мәресіне жетті.
Гази университетінің докторанты Мырзахан Байбол бастаған «Анкара Қазақ Жастары» бірлестігінің ұйтқы болуымен өткен игі бастама әлі де өз жалғасын табары сөзсіз. Мұндай басқосулар шет елде оқып жатқан қазақ жастарының туған жерге деген сағынышын басып, ұлттық сезімін арттыра түсері анық.
Анкарадан арнайы Массагет үшін Шерхан Талапұлы
Сурет: trt.net.tr, Самат Сапатай