2011 жылы Қазақстанда әлем корпусынан ерікті болып жұмыс істеген техасстық жігіт Эрон Бин ақтөбелік «Эврика» басылымына құлағы естімейтін Ботагөз Үсеновамен болған махаббат хикаясын әңгімелеп берген екен.
Эронның айтуы бойынша, ол алғаш рет Ботаны Ақтөбе қаласының керең адамдарға арналған Мәдениет Үйінде ишарат тілінде ән айтып тұрған жерінде байқап қалған: «Бұл көрініс сондай әдемі болды. Мен бірден ғашық болдым, ал Бота маған ишарат тілінде орыс тілін үйрете бастағанда біз бір-бірімізді жақыннан тани бастадық».
«Достығымыз арта түсті. Мен оны түнгі клубқа шақырғанымда ол ұзақ уақыт келісімін бермей қойды. Бірақ мен қоймай шақырдым, бір күні әйтеуір шақыртуымды қабыл алды. Кейін Петропавл қаласының жергілікті ишарат әндері фестиваліне бірге бардық. Онда Бота үшінші орын алды. Және сол Петропавловскке бара жатқанда менің сезімім жауапты екенін ұқтым», - деп есіне алды ол.
Екі жастың махаббаты дамып кеткені сонша, Эрон әйелімен ажырасқан. Кейін қалыңдығын Америкаға алып кетіп, сонда үйленуге ұсыныс жасаған. Ботагөздің туыстары басында қарсы болып, қыздарының шалғайға кеткенін қаламаған екен. «Бірақ мен оны бәрібір алып қашып кеттім. Енді қыздарының жайлы үйде, жақсы өмір сүріп жатқанын көрген соң және көп ұзамай немерелі болатындарын білген соң, біз үшін қуанышты», - деп күлді Эрон.
Оның айтуынша олар бір-бірін түсіну үшін көп жұмыс істеген: «Алғашында Бота мен жайлы бәрін білгісі келетін, тіпті өмірімде болып жатқан кішігірім оқиғалар да оған қызық еді. Телефон арқылы біреумен қысқа әңгімелессем де, не жайлы сөйлескенімізді білгісі келетін. Қазір әр телефонмен болған әңгімені оған баяндап отырамын».
Қазір Эрон мен Бота ерлі-зайыпты. Жұп Оклахома штатының Талс қаласында өмір сүреді. Отбасы тұңғыштарын күтуде. «Бота америкалық өмірге үйренді, бірақ бәрібір қазақстандық болып қалады. Ол жұмысқа тұрды, әлі күнге дейін ет асады, көп шай ішеді», - дейді бақытты америкалық. Және екеуі де Қазақстанды сағынып жүргендерін, балалары дүниеге келген соң отбасымен елге келіп қайтқысы келетіндерін айтып өтті.
Сурет: tn.kz
Дайындаған: Анар Мұстафина