Ақиқатты айқындап жариялар,
Бара жатыр азайып қариялар.
Дауыл тұрса, бүлк етіп толқымайтын,
Бара жатыр сарқылып дариялар...
Бүгін Мұқағали жырына арқау болған ақылы дария қарияларымыздың халықаралық мерекесі.
Осыдан 22 жыл бұрын, яғни, 1990 жылы желтоқсан айының он төртінші жұлдызында Бас Ассамблея 1 қазанды «Халықаралық қарттар күні» деп жариялаған болатын. Асылында, бұл мереке ХХ ғасырда пайда болды. Басында Қарттар күні Еуропада, кейін Америкада тойланған, ал 80 жылдардың аяғынан бері бүкіл әлемде атап өтіліп келеді.
Қарттар күнін атап өтудегі басты мақсат - аз қамтамасыз етілген қарт адамдарға, жалғызбасты қарт зейнеткерлер мен қарт мүгедектерге көңіл бөлу, оларға материалдық, әлеуметтік-тұрмыстық және басқа да көмек түрлерін көрсету болып табылады. Бұл күні біздің елімізде ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінде қарттарға арналған мерекелік іс-шаралар өткізіліп, оқушылар мен студенттердің тарапынан қарияларға көмек көрсетілетін алуан түрлі жобалар ұйымдастырылып, мемлекет тарапынан арнайы жәрдемақылар тағайындалады.
Мерекелік кештер мен қаржылай көмек, жастар тарапына жылдың бір ғана күнінде көрсетілетін қамқорлық деген жақсы ғой... Алайда, қарттар үйіндегі жанары жәутеңдеп, есік пен терезеге телміріп отырған апаларымыз бен аталарымызды бұл жұбата алады ма? Замандастарымыздың тоғыз ай құрсағында көтеріп, дүниеге әкеліп, түн ұйқысын төрт бөліп асыраған анасы мен қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай ер жеткізген әкесін қарттар үйіне әкеліп қамауларына не себеп болғандығын кім білсін?
Ел басына күн туған, қиын-қыстау күндерде халқына сүйеу, жұртына қамқор болатын қарттарымыз қашан да аман болсын!
Суреттер:ukgu.kz
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева