- Негізгі бет
- Қазақстаным
- «Алтын жүрек» сыйлығы...
«Алтын жүрек» сыйлығы жетінші рет табыс етіледі
Биыл VII «Алтын жүрек» ұлттық қоғамдық сыйлығының жеңімпаздарын Олимпиаданың екі мәрте чемпионы Илья Ильин, ҚР халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов, сатирик Толымбек Әлімбекұлы және басқалар анықтайды. Қайырымдылығымен көзге түсіп, жеңімпаз атанғандар қазанның 27-сі күні Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрында салтанатты жағдайда марапатталады.
«Бауыржан» қайырымдылық қоры өкілдерінің хабарлауынша, биыл «Алтын жүрек» сыйлығына 130-дан астам үміткерге қатысты ұсыныс түскен. Сарапшылар кеңесі оның арасынан ұлттық сыйлықтың дәстүрлі 11 номинациясының әрқайсысына үш үміткерден іріктеді. Жеңімпазды анықтайтын кеңестің құрамына заңгер Сергей Уткин, әнші, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Нұрғали Нүсіпжанов, ауыр атлет, Олимпиаданың екі мәрте чемпионы Илья Ильин, саясаттанушы Сейдахмет Құттықадам, журналист, публицист, ақын, филология ғылымының докторы Бауыржан Жақып, спорт комментаторы Диас Омаров, тележүргізуші, журналист Қымбат Досжан және саясаттанушы Айдос Сарым енген.
«Алтын жүректің» 11 номинациясы: «Жетім балаларға көмек көрсеткені үшін», «Білім саласына қолдау көрсеткені үшін», «Мүгедек жандарға көрсеткен қамқорлығы үшін», «Спортты дамытып, оны қолдағаны үшін», «Ардагерлерге көрсеткен қамқорлығы үшін», «Жыл меценаты», «Ақпараттық қолдаушы», «Жыл қайырымгері», «Жыл ұйымы», «Денсаулық саласына қолдау көрсеткені үшін» және «Қазақстанның дамуына қосқан үлесі үшін».
Ұйымдастырушылардың айтуынша, қайырымдылығымен көзге түскен азаматтар мен мекеме-кәсіпорындардың арқасында соңғы үш жылда республикада білім саласына 40 млрд теңге, медицинаға 50 млрд теңге аударылған. 100-ден астам спорттық және 50-ден астам әлеуметтік-мәдени нысан салыныпты.
Жолдаған: Болатбек Мұхтаров
Сурет: Мейіргүл Оңғарова
А. Құлтай