- Негізгі бет
- Қазақстаным
- "Алтын жүрек" -...
"Алтын жүрек" - жақсылық жарысы!
Әлқиса, адамзат баласының жеткен жетістігі болсын, жиған дүниесі, тіпті еткен еңбегінің жемісі басқалармен бөліскенде ғана тәтті болатынын қазақ халқы әлімсақтан білген. «Көппен көрген ұлы той» деп сондықтан айтылса керек-ті. Әр адам ең болмаса күніне бір рет түймедей жақсылық жасаса, әлем де нұрлана түсері хақ.
Біздер басқаға қалай пайдалы бола аламыз? Қолыңда болса дәулетіңмен бөліс, жетім жесірге қарайлас, мүгедек жанның қолын ұзарт, мүмкіндік бер! Даулетің өзіңнен артылмаса ақылыңмен көмектес, сырқат жанның, жарымжанның көңілін сұра, ең болмаса біреудің бетіне шынайы жымия қарап, жан жылуын сыйла. Ал өзің біреудің дәулетіне мұқтаж болсаң, қолыңнан келгенше жақындарың мен жанашырларыңа салмақ салмау жолын ойластыр. Өз-өзіңе көмектес. Әйтеуір, бір амал қыл да, адамдардың жүрегіне қуаныш ұялат! Ол әрқайсымыздың қолымыздан келеді.
Әдетте, шынайы жанашыр, жүрегі жомарт, мәрт азаматтардың істеген жақсылықтары туралы көпшілігіміз біле бермейміз. «Жамандар жақсымын деп айқайлайды, жақсылар жақсымын деп айта алмайдының» кері келіп, істеген ісін жалпақ жұртқа паш етуді әбестік көреді. Ол дұрыс та шығар. «Оң қолың бергенді сол қолың көрмесін» дейді қазақта. Бірақ, қазақ-қырғыз халықтарының жазушысы Шынғыс Айтматов айтпақшы «Жақсылықты адам тек адамнан үйренеді». Сондықтанда «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген ұстаныммен жүзеге асатын бұл жоба, «Бауыржан» қайырымдылық қорының бастамасымен 2007 жылдан бастап Қазақстан территориясында қайырымдылық жобалардың іске асуына ат салысып келе жатқан коммерциялық ұйымдар мен жеке тұлғаларға «Алтын жүрек» премиясын табыстау дәстүрге айналып келеді. Аталмыш идеяның авторы - «Бауыржан» қайырымдылық қорының негізін қалаушы Омарбекова Жұлдыз Қажыкенқызы. Бүгінде, «Алтын жүрек» жылсайынғы қоғамдық ұлттық премиясы меценаттар қатарының көбейіп, елімізде игі істердің қарқын алуына түрткі болып келеді.
2007 жылдан бері
- Жетім балаларға көмек көрсеткені үшін;
- Білімге қосқан үлесі үшін;
- Жарымжандарға қамқорлығы үшін;
- Сорттың дамуына қосқан үлесі үшін;
- Ардагерлерге қамқорлығы үшін;
- Жыл Меценаты;
- Ақпараттық қайырымдылық;
- Жылдың үздік қайырымдылық қоры;
- Жыл ұйымы;
- Денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін;
- Қазақстанның дамуына қосқан үлесі үшін
атты номинациялар бойынша 84 коммерциялық ұйым мен жеке азаматтар «Алтын жүрек» лауреаты атануда. «Қайырымдылық жасасаң, қайырын көресің» деген осы болса керек, сірә.
Адал ниетпен жасалған жақсылық қашанда абырой алып келеді. Немесе, жоба авторы Жұлдыз Омарбекованың сөзімен айтсақ, «Өзі жетістікке жеткісі келген адам жақындарына жәрдемдесіп, олардың жетістікке жетулеріне қолқабыс етуі тиіс, себебі, сенің айналаңдағылардың жағдайы қаншалықты жақсы болса, өзіңе де соншалық жақсылық жасаған боласың. Біздер бұл әлемде бір бірімізбен тығыз байланыстамыз».
Расында, шын мұқтаждың алғысынан асқан разылық жоқ. «Алтын жүректі» азаматтар қатары көбейіп, мұқтаж жандар азая берсін деп тілек білдіргіміз келеді. Жақсылықта жарысайық, ағайын!
Сурет: vk.com
Ш. Талап