Бүгін, 21 қаңтарда Талдықорғанда Алматы облысының әкімі Амандық Баталов мәдениет және өнер саласындағы үздік жұмысшыларға сыйлық табыстады. "Алтын домбыра" жүлдегері, айтыскер Балғынбек Имашевқа автокөліктің кілті берілсе, жас айтыскер Жандарбек Бұлғақов 1 миллион теңгелік сертификат алды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мәдениет саласындағы сан жылғы елеулі еңбектері үшін бірқатар азаматқа облыс әкімінің "Құрмет грамотасы", ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің "Мәдениет саласының үздігі" және "Кітапхана саласының үздігі" төсбелгілері табысталды.
Марапаттау барысында облыс әкімі Амандық Баталов алдағы уақытта мәдениет саласында ауқымды жұмыстардың атқарылатындығын мәлімдеді. "Кітапхана біздің байлыгымыз, біздің тарихымыз. Сол үшін де қаламызда жаңа үлгідегі кітапхана салу мәселесін құптаймын. Мәдениет саласында жұмыс істеп жүрген жас актерлерді де жеке тұрғын үймен қамту мәселесін қолға алатын боламыз. Бұдан басқа елді мекендердегі мәдениет үйін жекешелендірудің тиісті өңір әкімдері тарапынан шешілу жолдарын қарастыруды тапсырамын, - деп мәлімдеді облыс әкімі.
Сонымен қатар, облыс әкімі мәдениет саласында қордаланып қалған мәселелердің шешілу жолдарын қарастырып, өнер ұжымдарының сахналық киімдері мен шығармашылық жұмыстарына кеңінен тоқталды. "Ауылдық елді мекендерде мәдениет нысандарында жетіспей жатқан штаттық бірліктердің жағдайы мен халықтық ұжымдарды дамытудың, келер ұрпақтың мәдени өсірудің тиімді жолдарын қарастыру мәселері сөз болды", - делінген баспасөз хабарламасында.
Еске сала кетейік, 2014 жылдың 5-6 күндері Астанадағы Конгресс-холл сарайында ақындар айтысы "Нұр Отан" партиясының тікелей қолдауымен, ҚР Мәдениет және спорт министірлігінің ұйымдастыруымен өткен болатын. Қазылар алқасының шешімімен Балғынбек Имашев "Алтын домбыра" жүлдесін жеңіп алды. Бірінші орын Жандарбек Бұлғақовқа бұйырды. Ал кейінгі үш орынға Еркебұлан Қайназар, Бекарыс Шойбеков және Айнұр Тұрсынбаевалар ілікті.
сурет: tengrinews.kz