- Негізгі бет
- Қазақстаным
- "Алтын адамның" қарғысы...
"Алтын адамның" қарғысы бар ма?
Бәрімізге белгілі, елімізде үшінші «Алтын адам» табылған. Бірақ кейін анықталғандай, тарихи жәдігер қайта жерленейін деп жатыр екен.
Сақ патшасының алтын сауытын табылған жеріне, яғни Шілікті даласына қайта жерлеуге жергілікті тұрғындар мәжбүр етіп отыр. Олар археологтардың қазба жұмыстары барысында ежелгі адамның қарғысына ұшырады деп сенеді. Мәдениет министрлігі де аталған аймақ тұрғындарының сөзіне құлақ асып, ғалымдардың табылған мұраны жер қойнауына қайта беруін талап еткен еді. Ғалымдар өз кезегінде Алтын адамды көмуге кірісіп кеткен. Бірақ бірқатар ғалым мұның ешқандай да қарғыс емес, тек белгісіз мүддешіл топтың айдап салуы негізгі себеп болып отыр деп есептейді.
Сауыттың «Алтын адамға» қатысы бар ма?
Экспедицияны Тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбдеш Төлеубаев басқарған үшінші «Алтын адам» табылған кезде қорымды Алматы мен Семейдің археолог-студенттері қазып алған. Ал оған дейін бұл қорым жарым-жартылай тоналғандықтан, зерттеушілер нысанды қайта құрастыруы керек болыпты. Алтын сауыт Алматы қаласындағы Тарих және этнология институтына берілген еді. Алтын сауытты адамды «патша» деп атауда да бірқатар мәселе алға шығады. Мәселен, ғалымдар бұл адамның б.з.д VІІІ ғасырға жатқызса, және өзі патша болса, онда дәл осы аймақта орталықтандырылған мемлекет болды дегенге саяды.
Қарғысқа келсек...
Зайсан ауданының тұрғындары қазба жұмыстары басталғанға дейін бұл іске қарсы болмай келсе, бірнеше жыл өткен соң археологтардың ісіне қырын қарай бастады. Себебі сақ патшасының қалдығы шығарылған соң қазба жасалған аумақта түсініксіз жағдайлар болып жүр дейді халық. Олардың айтуынша, бұл мекенде ауа райы күрт өзгеріп, қыс мезгілінде қар көшкіні, боран бола бастаған. Ал адамдардың денсаулығы нашарлап, қан қысымы көтерілген науқастардың ауруханаларға бару жиілеп кеткен. Егіс науқанының сапасыздығын былай қойғанда, мұнда сәбилер кемақыл болып туа бастаған. Жерлік белсенді топ су тасқыны, қуаңшылық, тіпті жұт болып жатқанының кесірін осы Алтын адамды қазып алған археологтардан деп отыр.
Ғалымдар неге сенбейді?
Қазақстандық зерттеушілер Шелекті даласының тұрғындарының айтып отырған апаттардың «Алтын адаммен» ешқандай да қатысы жоқ екенін айтады. Археолог Зейнолла Самашев сақ патшасы төңірегінде жүрген сөздің бәрін жоққа шығарады.
Десек те, тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері Айнагүл Ысмағұлова 30 маусым күні мәдениет министрлігінің арнайы сұрауы бойынша, жәдігерді қайтадан көметіндерін мәлімдеді. Қорым бұдан кейін арнайы күзетіліп, онда тек зерттеушілер әрмен қарайғы зерттеуін жалғастыру үшін кіре алатын болып шешілген екен.
Айта кетейік, сақ қорғандары туралы зерттеулердің көбейгендігінен қазылып алған жәдігерлерді орнына қайтару туралы мәселе жиі кездесетін болды. Бұған дейін айтылып келген әруақтың қарғысы жайлы мәселе ғалымдардың да, жергілікті биліктің де назарына ілікпесе, ендігіде құлақ аспай өтуге бомайтын жағдайға айналды. Тіпті экспедиция жасап жүрген зерттеуші топтың өзі де адам түсінбейтін жәйттардың болатынын көп айтады. Мысалы Шығыс Қазақстан облысының Үржан ауданында «сақ патшайымының» қорымын қазудан кейін мамыр айында ауа райының күрт өзгеруі ғалымдардың өзін таңғалдырыпты. Аспан шәйдай ашық уақытта бір мезгілде дауыл тұрып, жаңбыр құйып кеткені, ал қазба жұмыстары тоқтаған сәтте-ақ ауа райы қайтадан қалпына келе бастаған.
Ресейлік журналист Анна Козырева болса, «Кости в землю» атты мақаласында еліміздегі қазба жұмыстары кезіндегі түсініксіз жайларды айта келіп, «Қазақстанда тұрғындар әлі де жаңбыр шақыру үшін қой бауыздайды, тіпті суицидтің алдын алу үшін түйені құрбандыққа шалады. Табиғи апаттардың барлығын да олар өмірден өтіп кеткен адамдардың қарғысына балайды және билік те тұрғындарға сол нанымның дұрыс екенін, сол сеніммен жүргені ләзім екенін қостайды» дейді.
Біздің айтпағымыз қарғыстың расында да бар-жоғы еді. Десек те, көптеген әртарапты пікірлердің әрқайсысы да ақылға қонымды болғандықтан, ақиқатына жете алмадық. Көзбен көріп, қолмен ұстамаған дүниеге куәлік етпей-ақ қоялық...
Автор: Ардақ Құлтай
Сурет: Шамиль Жуматов, hameleons.com
А. Құлтай