Алматының Көк-Төбесіне "Қазақленд" салынатын болды

Алматының Көк-Төбесіне "Қазақленд" салынатын болды

Алматыдағы Көк-Төбе тауында жаңа «Қазақленд» атты кешен бой көтермек. Мәдени ойын-сауық және туристік кешеннің ауданы 44 мың шаршы метрді құрамақ. Болашақта оған күн сайын 40 мыңнан аса адам демалуға келеді деп жоспарланған, деп хабарлайды forbes.kz.

Бұл идеяны алғаш болып қазақстандық дизайнерлер ұсынған екен. Еліміздің дизайнерлер кеңесі президентінің ойынша, Алматыдағы Көк-Төбе осындай кешен салу құрылысына таптырмас орын екен. Себебі ол жерден қалаға керемет көрініс ашылып, Алматы алақанымыздағыдай көрінеді. Бұл кешенде неке қию залы да болады деп жоспарланып отыр екен.  

Дизайнерлер Көк-Төбеге тиесілі 300 гектар жерді толық қарап шыққаннан кейін олар Алматыда үлкен мәдени ойын-сауық кешені өзіміздің «Қазақлендті» салуға болады деген қорытындыға келген. Ол бойынша, солтүстік-батыс және солтүстік-шығыс баурайларында шаңғы тебу трассасы салынбақ.

Ал Көк-Төбенің шығыс жағында жаңғақ тоғайы болмақ. Сондай-ақ жоба бойынша оның ішінде адамдардың қыдыруына және велосипед тебуге арналған жолдар салынады.   

Ал көлік мәселесіне келер болсақ, туристерді кешенге әуе арқылы жеткізбек. Ол үшін дизайнерлер қазіргіден бөлек, жаңа аспалы жол салуды ұсынып отыр. Ал вагондардың сыйымдылығын 40 адамға дейін ұлғайту жоспарланған. Бұл жаңа аспалы жол шығыс айналма магистралі арқылы өтіп, Көк-Төбеге жетпек. Ал оның орталығы болады деп Көк-Төбе мұнарасы айтылған.  

Сондай-ақ кешенде 1600 көрерменге арналған үлкен концерт залы, планетарий, дәстүрлі қолөнер шеберлеріне арналған галерея, Қазақстанның ұлттық-мәдени орталықтары орналасатын аумақ, апорт алмасы өскен бақ және де тауды үнемі қысы жазы әртүрлі бояуларға түрлендіріп, оны табиғатпен ұштастырып отыратын аймақ та орын теппек.

 Жобаға қосымша жасалынған анықтама хатта кешеннің құрылысына 43,5 миллиард теңге қаржы талап етіледі деп жазылған. Кешен құрылысына жұмсалатын қаржы инвесторлар есебінен құйылады деп жоспарланған. 

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: yvision.kz

Б. Қосмағамбет