Қазақстанның өзге қалаларымен салыстырғанда, Алматы қаласында демалыс орындары, серуенге арналған жерлер көп. Қалада жастар көп болғандықтан ба, әйтеуір, бұл орындардың қаңырап тұрғанын ешқашан көрмейсің. Қашанда халық құжынап жүреді...
Солардың ішінде менің ең жақсы көретінім – Қазақстан Республикасы тұңғыш Президенті саябағы. Әсіресе, кешқұрым бара қалсаңыз, жаныңыз жай тауып, едәуір сергіп қаласыз. Осындайда жаныңызда сыр бөлісетін құрбыларыңыз, жанашыр туыстарыңыз немесе қол ұстасып жүретін сүйіктіңіз болса, тіптен керемет. Саябаққа жиі барып тұрамын. Барған сайын бара түскім келеді. Күздің ең соңғы жылы күндерінің бірінде саябаққа бас сұғып, сіздерге жақынырақ таныстыруды жөн көріп отырмын.
Саябақтың қай жағынан келсеңіз де, ең алдымен құлашын кең жайып тұрған сәнді жартылай қақпаға көзіңіз түседі. Көрінісі көз тартар құрылысты көргеннен-ақ, саябаққа қарай асығасыз.
Қақпа алдына шағын субұрқақ орнатылып, демалып отыруға болатын орындықтар қойылған.
Саябақтың жалпы алып жатқан аумағы – 73 гектар.
Қақпадан енген сәтте, алдыңыздан биіктігі 21 метрге жуық алып субұрқақ шыға келеді.
Алматыдағы ең ірі субұрқақтың жалпы су сыйымдылығы 2820 текше метр, диаметрі 52 метр, 8 сорғы топтамасынан және түрлі жарықтандырғыштан құралған.
Суға қарап демалған қашанда жақсы сезімдер сыйлайды. Ал мынадай ғажайып субұрқақтан алатын әсер тіптен ерекше болмақ.
Әсіресе түнде келе қалсаңыз, түрлі түске көмкерілген субұрқақтар сазды әуенмен бірге сан құбылып, билей жөнеледі.
Оңтүстік беткейінде кіші сарқырамалар бар. Бұл субұрқақ әртүрлі диаметрлі 13,5м; 37м; 48м; 53м көлемді дөңгелек кесе тәріздес.
Субұрқақ ортасынан жұлдызнама белгілеріндегі медальдармен қоршалған тәж тәріздес архитектуралы бейне орын алады. Тәж ортасынан 30 метр биіктікке дейін ағатын 70 мм диаметрлі субұрқақтың басты су ағысы ағады.
Субұрқақтың жоғары жағында галерея ұйымдастырылған. Қабырғада салынған суреттер де әр алуан.
2011 жылдың 11 қарашасында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Қазақстан» монументалды-сәулет композициясының ашылу салтанаты болды. Ескерткіш қола, гранит және мәрмәр тастан бүркіт тәріздес етіп құйылған. Ескерткіш ортасында Бірінші Президент бейнесі кескінделген. Ал бүркіттің қанатында Алматы және Астана қаласының символы бар. Ескерткіште тарих және сәулет өнерінің маңызды бейнелері көрсетілген.
Саябақ ішінде алуан түсті гүлдер мен ағаштар отырғызылған.
"Пекин-2008" олимпиадалық алау эстафетасына Алматы қаласының қатысу құрметіне саябаққа 100-ден аса атаулы қайың мен шырша отырғызылды. 2011 жылы 100 түп Тянь-Шань шыршасы отырғызылған. Саябақ аумағында 2001 жылы ҚР Бірінші Президенті Н.Назарбаевтың өз қолымен отырғызған емен ағашы өсіп тұр.
Саябақ ниет білдірген кез келген адам үшін есігін айқара ашады. Көрікті мекен әрқашан таза, әрқашан тиянақты болып тұрады. Бұл саябақ – Алматының "Жеті кереметінің" қатарында бар...
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: Айгерім Сматуллаева