Алматының Арбаты жылдың қай мезгілі болмасын қарақұрым халыққа толы. Мұнда қала тұрғындарынан бөлек, сырттан келген туристердің қарасы көп. Көпшілік күндіз-түні толассыз келетін бұл орынның өзіндік ерекшелігі де жоқ емес.
Өмірде ақындар сұлулық атаулыны тілмен көркемдеп жеткізсе, суретшілер түрлі-түсті әсем бояуларымен салған суреттері арқылы дәріптейді. Айналасы ат шаптырым алаң дәл осындай бейнелеу өнерінің алуан түрлеріне толы. Сондай-ақ, мұнда небір таланттар, әнші-сазгерлер де бар.
Қаланың орталығынан ойып тұрып орын алған Арбат мәдени демалыс орны «Жібек жолы» көшесінде орналасқан.
Арбат туралы сыр шертпес бұрын «Арбат» атауының шығу тарихына қысқаша тоқталып өткеніміз жөн болар.
Жетісу газетінің 2003 жылғы қараша айының 29 жұлдызында шыққан «Арбат қазақтың сөзі» атты мақалада: «Жошының Ордадан кейінгі қоңырат руының қызынан туған екінші ұлы Сайын хан билікті қолына алады. Ол әкесі Жошының жер қайысқан әскері мен жол-жөнекей барлық ірілі-ұсақ мемлекеттерді бағындырып, орыстарды жаулап алуға бел байлайды. 1116 жылы Мәскеуге жақындап келгенде өзінің қоңырат қызынан туған екі баласымен 25 татар, қыпшақ, қоңырат, керейіттерді тыңшылыққа барлауға жіберді. Үш тәулік қалада болып келген тыңшылар. Батый ханға Улуг жирчинганы жіберіп болған жайды баяндап айтқызады:
Урташинда қаланың биік күрең бел икән,
Қоршап биік қамалмен кузет койган жер икән
Жұряди икән адамдар арбаминән, атпинән
Тунимэнэ әскери болады икән мәскунәм.
Батый хан көп кедергісіз-ақ Мәскеуді жаулап алады. Жошының Орда мен Сайынна кейінгі үшінші ұлы Есен (Әсен) Мунфорд (Мәскеу қаласының көне атауы) қаласын жаулап алғанда аралап жүріп, қаланың ортасындағы қамал салынған биіктеу жерді көреді. Бұл жерді халық арбалы атпен келіп, сауда-саттық жасағандықтан «Арба-ат көшесі» деп атаған. Кейіннен қала басшылары таспен төселген үлкен көшеде арбаның жүруін тоқтатып, жаяу жүргіншілердің бір мезет дамылдап демалатын орнына айналдырады. Бұрынғы «Арбалы ат» атауы «Арбат» болып қысқартып бүгінгі күнге дейін сақталады.
Осыншалықты өзіндік сырға толы Алматымыздың Арбаты өткен ғасырда Жібек жолының маңызды бөліктерінің бірі болып, кейіннен халықаралық Д.Қонаев қорының жұмыс орны орналасқан орталыққа айналды. Бұл күндері Арбат мәдени-демалыс орны қаншама тағдырларды бір арнаға тоғыстырып, небір ғашықтар табыстырды. Әсіресе, ерекше өнер иелерінің, суретшілердің басын қосқан құтты жұмыс орнына айналып үлгерді.
Алайда, ел арасында Арбаттың мәртебесі бұрынғыдай емес. Бұл пікірмен өзіңіз де келісетін шығарсыз. Соңғы рет Арбатқа қашан бардыңыз? Есіңізге түсіріп көріңізші...
Өз заманында талай көрерменнің таңдайын қақтырып, тамсандырған көрме орталығы соңғы кезде халық назарынан неге тыс қалып барады деген сұраққа жауап іздеу үшін Арбат орталығына жол тарттық.
Арбатта өз туындыларын сатуға 87-ден астам суретші тіркелген екен. Ондағы өнер иелерімен тілдескенімізде, олар қазір суретке деген сұраныстың тым аз екендігін, тіпті орталыққа келуші халықтың күрт азайып кеткендігін айтып қалды. Олардың айтуынша, елдің экономикалық жағдайына байланысты, адамдардың қалтасы сурет сатып алуды көтермейді. Сондай-ақ, сатылымда «көшірме суреттердің» көбейіп кеткендіктерін де атап өтті...
Әйгілі Рембрант «Сурет – тілсіз поэзия» деген екен. Ендеше сол ғажайып әрі қайталанбас «поэзиямызды» өсіретін де, өшіретін де сіз бен біз. Қаншама еңбек пен ұшқыр ой жетегінде дүниеге келіп, көрерменге селт еткізер сезім сыйлайтын осындай туындыларымыздың қадірін біле жүрейік!
Суреттерді түсірген және дайындаған: Айгерім Сматуллаева