Алматыдағы "Қалыңдықтар шеруі"

Қыз баласы ес біліп, етек жия бастағанда аппақ қардай той көйлегін киіп, ақ боз атты ханзадасына тұрмысқа шығуды армандайды. Мойындаңызшы, сіздің де қиялыңызда бір "ақ көйлек" бар ғой?! Өзіңізді келін ретінде елестетіп көрмедім деп айтыңызшы!

Айлар өтеді, жылдар өтеді. Сіздің армандарыңыз ақиқатқа айналады. Жүрегіңізді жаулап алған жігітке тұрмысқа шығасыз, сол бір "ақ көйлекті" киесіз. Махаббат айдынында жүзіп, бақыт кемесіне отырасыз. Ғажап емес пе?

Алайда, арамызда бала күнгі армандарына әлі де жете алмай жүрген нәзік жандыларымыз бар. Немесе белгілі бір жағдайлармен той көйлегін кию құрметінен мақұрым қалған аруларымыз да кездесіп жатады. Осы қатардағы қыздарымыз үшін ақ көйлек киіп көруге үлкен мүмкіндік туып отыр.

Өткен жұма күні, яғни тамыз айының 30 жұлдызында алматылық аруларымыз ешбір құжатсыз бір күн бойы "келін кейпіне" еніп көруге мүмкіндік алды.

Оңтүстік астанамыздағы ең ауқымды және ең романтикалық флешмоб "Hippie to be" атты Қалыңдықтар шеруі туралы естуіңіз бар ма? Әрине, іс-шара өте жас болғандықтан, көпшіліктің тани бермеуі мүмкін. Шеру биыл екінші рет ұйымдастырылып отыр. Флешмобтың осы жылғы тақырыбы – 60 жылдардың сәні мен богемалық салтанат болды.

Әлеуметтік дәрежелері мен жастары әртүрлі 60-тан астам бойжеткен бір күннің ішінде нағыз сәнқой келіншекке айнала шықты. Жеңіл, нәзік көйлектер, сансыз әшекей бұйымдар, қайталанбас шаш үлгілері, гүлдерден жасалған безендірулер... Мұның бәрін сұлулық деп атамай көріңіз! Қатысушылар да барын салғандығы көрініп тұр, идеал қалыңдықтың бейнесін көре алуға мүмкіндік туды.

Батыр идеяларды іске асыруға ең үздік деген визажистер мен шаштараздар, қала флористері атсалысты. Олардың арасында Қазақстанға танымал визажист-стилист Ирина Харбер бар. Әрбір ару үшін эксклюзивті гүл шоқтары жасалынған.

Қатысушылардың басым бөлігі тұрмыс құрмағандықтан, бұл шара олар үшін болашақ той алдындағы дайындық бола алды. Ал тұрмыс құрып үлгерген ханымдарымыздың мереке атмосферасынан ләззат алуына ешкім кедергі бола қойған жоқ. Тіпті, олардың бірі мерекеге өзінің күйеу жігіт алып келген екен.

Қалай болғанда да, қатысушылардың әрбірі қалыңдық болудың өте толқынысқа толы сезімдер мен қуаныш сыйлайтындығын мойындаған. "Сен өмірге қайта келгендей боласың. Жаулықтың астынан өмірге мүлдем басқаша қарайсың" деген пікірді айтқандар да болған екен.

Флешмоб ұйымдастырушыларының бірі Алена Алферованың айтуынша: "Қалыңдық бейнесі – ең пәк, ең нәзік бейне. Сондықтан да алтын күздің қарсаңында Алматы қаласының тұрғындарына естен кетпес сұлулық мерекесін тарту еткіміз келді" -дейді.

Бір күн бойы қатысушы аруларға әртүрлі фотосессиялар мен конкурстар ұйымдастырылды. Флешмоб ұйымдастырушылардың атынан берілетін сыйлықтар мен нағыз үйлену тойға арналған торт ұсынылған Cosmopolitan bar кезеңімен аяқталды.

Тұп-тура бір жылдан кейін "Қалыңдықтар шеруі" қала көшелеріне шығып, қатысушылар мен кездейсоқ куәгерлерге қуаныш теңізі мен позитив сыйлайтын болады.

 

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: alau.kz, season.kz