- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Алматыда шаштараздар мен...
Алматыда шаштараздар мен визажистердің тұңғыш чемпионаты өтеді
Алматыда тұңғыш рет шаштараздар өнері, боди-арт, макияж, нейл-дизайн мен hair-тату (басқа декоратив өрнектер салу) бойынша чемпионат өтеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Қазақстанда Сұлулық индустриясы қауымдастығы пайда болды, байқауды ұйымдастырушы - сол. Бірлестік басшысы - белгілі шаштараз Махмұджан Тұрсынның айтуынша, чемпионатқа кез келген адам қатыса алады. "Сұлулық индустриясы қауымдастығы бұған көмектесетін болады. Біз адамдарды чемпионатқа дайындаймыз", - деді Тұрсын. Ерекше біріншілік үшін Алматыға Еуропа мен АҚШ-тан шеберлер келеді. Қазір ұйымдастырушылар олармен келіссөз жүргізіп жатыр. 2015 жылдың мамырында өтетін чемпионаттың төрешілер корпусына шетелдік меймандар кіреді.
Айта кетейік, Тұрсынның өзі 2013 жылы шаштараз өнері бойынша Еуропа чемпионатына қатысқан болатын. Ол "Шашты сәнді-озық үлгіде қию және пішінге келтіру" номинациясында өнерін көрсетіп, байқаудың қорытындысы бойынша үздік шаштараздардың ондығына енді.
Ұйым басшысының айтуынша, шаштараздар, стилистер мен визажистер қауымдастығы Қазақстанда тұңғыш рет құрылып отыр. "Біз өзіміздің индустриямызды дамыту мен жылжытуға, нормативтер жасауға, сертификаттауға, біліктілікті арттыруға үлесімізді қосқымыз келеді", - дейді Тұрсын. Бірлестік осы өндіріс жұмысшыларының өзара көмегіне негізделетін болады. Қауымдастық келешекте сұлулық салондарына қызметкерлерді іріктеумен, оқу орындары түлектерін еңбекпен қамтумен, тиісті заң жобаларын жасаумен және сұлулық индустриясы кәсіпорындары мүддесін қорғаумен айналысуды жоспарлап отыр.
Суреттерді ұйымдастырушылар ұсынды
Қ. Бүйенбай