Алматы қаласында Орталық Азия елдерінің ІІІ Халықаралық кітап форум-фестивалі (Open Central Asia Book forum and Literature festival (OCABF-2014) басталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Шара Ұлыбританияның «Хатфордшир Пресс» баспасының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы, Қазақстан баспагерлері, полиграфистері және кітап таратушылар ассоциациясы, сонымен қатар Елена Безрукова орталығының қолдауымен жүзеге аспақ.
Кеше аталмыш шараның ашуылуына орай баспасөз мәслихаты өтті. Жиында 14-17 қараша аралығында өтетін барлық шаралар таныстырылып, ұйымдастырушылар алқасы журналистердің сұрағына жауап берді.
"Форумның басты мақсаты - Орта Азия жазушыларының жетістігін көпшілік оқырмандар мен осы саланың мамандарына таныстыру, олардың назарын аудару және де аталған жазушыларды баспа жетекшілерімен, оқырмандармен, кітапханалар мен баспасөз қызметкерлерімен таныстыру", - дейді ұйымдастырушылар.
Форум аясында Орта Азиядағы әдебиетті дамыту мақсатында әдеби шығармалар сайысы өткізілмек. Сайыс «Әдеби туынды», «Әдеби аударма», «Әдеби шығарманы безендіру» деген үш аталым бойынша өткізіледі. Шығармалар қазақ, орыс, ағылшын, қырғыз, өзбек, тәжік, түркімен және әзірбайжан тілдерінде қабылданады. Жеңіске жеткен шығарма ағылшын тіліне аударылып, Лондонда өтетін жәрмеңкеге ұсынылады. Форумның тағы бір жаңашылдығы «Видеофильм» аталымы. Жұмыстар түрлі жанрда видео-арт, экпериментальді, документальді түрде қабылданады.
Ұйымдастырушылардың айтуы бойынша, конкурстағы жалпы жүлделер құны $17.000-ды құрайды. Бұл қаржы жүлдегердің кітабын аударып, басылып шығуына, 2016 жылы Лондонда өтетін кітап жәрмеңкесіне қатысуына жұмсалмақ. Бұған қосымша қаржылай үш сыйақы бар:
Open Central Asia видео және экспериментальді кино конкурсында жеңіске жеткенге Немат Келімбетов атындағы $10.000 сыйақы беріледі;
Ең жақсы әйел адамның шығармасына Мәрзия Закирьянова атындағы $5.000 сыйақы ұсынылады;
Ұйғыр тематикасында ұсынылған ең жақсы шығармаға Нұр Мұхаммед Қарахан атындағы $3.000 сыйақы беріледі.
Өткен жылы жеңіске жеткен Әзірбайжандық Абдулла Иса «Тау тұлға» («Человек гор») атты шығармасын жарыққа шығаруға мүмкіндік алды. OCABF ұйымдастырған әдеби шығармалар конкурсының жалғасы болып отырған бұл туынды биыл басылып, оқырманға жол тартпақ. Естеріңізге сала кетсек, OCABF-тің 2012 жылғы өткен конкурсында жеңіске жеткен Өзбекістандық Галина Долгаяның «Боги Срединного мира» атты кітабы Лондонда 2013 жылы жарық көрді.
OCABF-тің ұйымдастырған ең алғашқы Орта Азиядағы әдеби конкурсы 2012 жылы 24-25 қарашада Бішкек (Қырғызстан) қаласында өткен еді. 1300 қонақты жинап, елдің тәуелсіздігін жариялағаннан кейінгі екінші атаулы шара болып тіркелді. Шараның шымылдығын Қырғызстанның экс-президенті Роза Отынбаева ашты.
Ал былтырғы жылы өткен фестиваль 5 пен 9 қараша аралығында Лондон мен Кембриджді аралап, ағылшын қауымына Орта Азия жазушыларының шығармашылығымен толық танысуға мүмкіндік берді.
Екі шара да әлем әдебиетінің шоқ жұлдыздары польшалық Януша Лиона Вишневская, Ұлыбританиялық Хамид Исмайлов, Әзірбайжандық Эльчина Сафарлидің қатысуымен өтті.
Әдеби конкурс аясында ҚР ұлттық Кітап палатасының басшылығымен фильм көрсету, отандық және шетелдік жазушылардың әдеби кештері, кітаптардың тұсау кесері, семинарлар мен конференциялар, поэзия кештерін өткізу жоспарланып отыр.
Сурет: ©Мassaget.kz