- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Алматыда наурыздың 15-не...
Алматыда наурыздың 15-не дейін күн суық болады
«Казгидромет» РМК Алматы қалалық филиалының синоптиктері Алматы қаласы бойынша алдағы тәуліктердегі ауа-райы болжамын ұсынды. Мамандардың айтуынша, ауа температурасының күрт төмендеуіне солтүстік батыстан енген арктикалық фронттың ықпалы әсер еткен. Осыған байланысты, наурыздың 15-іне дейін Алматыда күн суық болады. Бұл туралы «ҚазАқпарат» хабарлады.
«Алматыға солтүстік-батыстан арктикалық суық ауа фронтының келуіне байланысты ауа температурасының төмендеу процесі аяқталған жоқ. Сондықтан, әлі де жауын-шашын түсіп, қар жауады. Бүгін қалада қар жаумаса да Алматы облысының кей жерлерінде тоқтаған жоқ. Ертең суық ауа енуінің келесі кезең басталады. Фронт Алматы аймағынан түнде өтеді. 13 наурызда күндіз ауа температурасы +2+3 болса, түнде -2-7 болады», - деді кезекші синоптик Ирина Тумакина.
14 наурызда антициклон қалыптасуына орай тағы да суық ауа температурасы сақталып, қар аралас жауын жауады.
Маманның айтуынша, 15 наурызда да арктикалық фронттың ықпалы ыдырай қоймайды. Түнгі температура -4-9 болса, күндіз 0-5 аяз болуы ықтимал. Сондықтан, кей аймақтарда тұман түсіп, көктайғақ болады.
Наурыздың 17-нен бастап, ызғар сынып, күн жылына бастайды. Күндіз ауа температурасы +2,+7 градусқа дейін көтеріледі.
Сурет: naturosophie.fr
Н. Айдархан