- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Алматыда қайырымдылық марафоны...
Алматыда қайырымдылық марафоны өтті
Алматыда «Бірінші болу батылдық!» атты II – ші қайырымдылық марафоны болып өтті. Бұл туралы Алматы қаласы әкімшілігі баспасөз қызметі хабарлады.
"Алматы марафонына 5 мыңнан астам адам қатысты. Олардың арасында қала әкімі, мәдениет пен шоу- бизнес өкілдері, кәсіпқойлар мен спорт әуесқойлары бар.
Спорттық шараны ашқан Алматы әкімі Ахметжан Есімов алдымен Бостон марафонында көз жұмғандар отбасына көңіл айту білдірді. Спорттың бейбітшілік кепілі мен адам мүмкіндіктерін ашудың көзі екендігін атап өтті", - делінген таратылған ақпаратта.
Шараға келіп қатысқан қала әкімі Ахметжан Есімов сөз алып: «Біздің марафонымыз дәстүрге айналды. Біз оны қалалық спорттық шаралар тізіміне енгіздік, бұдан былай жыл сайын өткізіп тұратын боламыз. Егер өткен жылы оған 2 мың адам қатысса, биыл олардың саны 5 мыңнан асып отыр. Осылайша, алматылықтар салауатты өмір салтын қалайтындықтарын білдірді. Біздің қаламыз - өңірлік лидер және біз барлық жағынан үлгі болуға тиіспіз»,- деді.
Айта кетелік, марафонның ұзақтығы 42 км болды. Қатысушылар 08.00-де Бірінші Президент саябағынан бастап 2 км, 9,6 км, 21 км и 42 км 195 м болатын дистанцияларда күшін сынап көрді. Шараға 10 - 75 жас аралығындағы азаматтар қатысты.
Спорттық шараны ұйымдастырушылар мен қала басшылығы қауіпсіздік шараларына аса мән берді. Ұзын саны 500 полиция қызметкері күзетте болып, шара өтетін орындар түгел видеобақылауға алынды.
Жаппай жүгіру Орталық стадионда аяқталды. Дәстүр бойынша қала әкімі жеңімпаздарға ескерткіш сыйлықтар тапсырды. Марафон соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан
сурет: wclass.kz
Massaget